Ауылдар мен шағын қалалар тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуда мемлекеттік бағдарламалардың септігі зор.
Мәселен, “Ауыл аманаты” бағдарламасы жұмыс істей бастағалы бір жылдан асты. Нәтижесі жаман емес. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедовтің айтуынша, өткен жылы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 1 млрд 600 млн теңге бөлінген. Осылайша, жеке кәсіп ашқысы келетін азаматтарға барлығы 279 шағын несие беріліп, 293 жұмыс орны ашылды. Биыл бұдан екі есе жоғары қаражат бөлу жоспарланған. Мемлекеттік бағдарламаға арқа сүйегендердің дені ауылдық жерде мал өсіріп, оны өз төлінен көбейтуді құп көреді. Дегенмен, мал жаятын, шөп шабатын жер тапшы.
– Жеке кәсіпкерліктің жұмысын жүзеге асыру үшін жер учаскелерінің болуы қажет. Осы мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы биыл әрбір ауылдық елді мекенде зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде 876,1 мың гектар жайылымдық жердің жетіспейтіндігі анықталды. Бүгінгі таңда аудан әкімдіктерімен жайылым тапшылығын жою үшін нақты жұмыстар қолға алынды. Мәселен, ауылдық округтер әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында 176 мың гектар алқапта ауыл тұрғындарының малын жаю үшін жайылымдық жерлерді өтеусіз беру туралы меморандумдар мен келісімдер жасалды. Сондай-ақ, Әулиекөл ауданының Соснов, Сарыкөл ауданының Маяк, Севастополь, Тагиль, Урожайное ауылдарының аумағы ұлғайтылды. Үшіншіден, халықтың жеке малын жаюға қажетті жалпы ауданы 527,9 мың гектар жер телімі резервке алынды; Алтынсарин, Денисов, Жанкелдин, Қарабалық аудандары мен Арқалық қаласында ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдіктеріне 54,7 мың гектар жер телімдері тұрақты пайдалануға берілді. Жоғарыда айтылған қабылданған шаралардың нәтижелері бойынша кейбір ауылдарда жайылымдардың профициті пайда болды, – деді журналистермен өткен брифингте басқарма басшысы И.Бекмұхамедов.
Мәселе мұнымен біткен жоқ. Әлі де облыс аудандарында 400 мың гектардай жайылымдық жер жетіспейді. Тапшылық деңгейін төмендете үшін ауылдар мен ауылдық округтер әкімдіктеріне 8 мың гектар жерді тұрақты пайдалануға беру, елді мекендердің шекараларын 18,6 мың гектарға ұлғайту, жалпы ауданы 0,3 мың гектар жер учаскесін резервке қою көзделген.
Алдағы уақытта мал жаюға арналған жер телімдерін өтеусіз беру жөнінде ауылдық округ әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында меморандумдар мен келісімдер жасалмақ.
И.Бекмұхамедов жайылым тапшылығын жою мақсатында тұрақты жұмыстар жүргізіле берілетіндігін айтты. Толығырақ газетіміздің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ