Бейімбет Майлин ауданында жалдамалы тұрғын үй, спорт кешені және сумен қамту жүйесі салынып жатыр. Сондай-ақ бір мектеп күрделі жөндеуден өту үстінде. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының бақылау комиссиясы оларға көшпелі мониторинг жүргізді.
Әлеуметтік маңызы зор нысандардың құрылысы партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Тексеріс қорытындысы көрсеткендей, әр объектідегі жұмыс қарқыны әркелкі. Мәселен, Әйет ауылындағы 18 пәтерлі жалдамалы үйдің іргетасы осыдан екі жыл бұрын құйылған. Бірақ мердігер ұйым тарапынан техниканың және жұмыс күшінің жетіспеушілігі салдарынан құрылыс аяқсыз қалды. Мемлекеттік сатыпалым келісім-шартына бірнеше рет түзету енгізілді. Қазір мердігер сотқа тартылып жатыр.
«Бізге құрылысты уақытында аяқтау ғана емес, сапасының жоғары болуы да маңызды. Бюджет қаржысының әр тиынын тиімді пайдалану – партиялық бақылау комитетінің ең басты талаптарының бірі. Ал бұл талаптар белден басылса, жауапты тұлғалар жазадан жалтара алмайды», – деді облыстық комитет төрағасы Айтжан Есенгелдинов.
Комиссия мүшелері ат шалдырған келесі нысан – дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Ол да аудан орталығында салынып жатыр. Мұндағы ахуал көңіл көншітерлік. Құрылыс қарқынмен жүріп жатыр. Жалпы құны – 435,6 млн теңге. Бұл сома толықтай дерлік игерілген. Жоба «AMANAT» партиясының бағдарламаларын жүзеге асыру аясында әзірленген Жол картасына енгізілді. Бүгінде құрылыс жұмыстары 95% аяқталып отыр. Тірек конструкцияларының құрылысы аяқталып, қазірден-ақ жиһаздар, спорт жабдықтары орнатылған. Ай соңына қарай пайдалануға беру жоспарда бар.

Асықтыра күттіріп отырған жобалардың тағы бірі – Асенкритов ауылындағы су құбырының құрылысы. Мердігердің айтуынша, жұмыс 80% аяқталып тұр. Ұзындығы 15 шақырымға жететін құбыр салынып, 215 құдық қазылған. Су сорғы станциясы монтаждалып, электр желісіне қосылған. Ендігі қалып отырғаны – су тазартатын модульдік станция құрылысын бітіру, газ құбырының астына 40 метрлік учаске салу және абаттандыру жұмыстарын тәмамдау. Тапсыру мерзімі – осы жылдың желтоқсан айы.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін барлық ауылдық округті таза ауыз сумен қамтуды тапсырған еді. Бұл – елді мекендердегі өмір сапасын арттыруға тікелей ықпал ететін маңызды мақсат. Біз жұмыс барысын күн сайын қадағалауда ұстап отырмыз», – дейді комиссия мүшелері.
Бұдан соң комиссия Майский ауылындағы орта мектепке соқты. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. 327 оқушыға арналған білім ошағының төбесі, қасбеті жаңартылып, терезелері ауыстырылып жатыр. Жылу, электр желілері жөнделіп, кабинеттері мен спорт залы жаңа кейіпке енгізілу үстінде. Жұмыстар жаңа оқу жылына дейін аяқталады.

Ж.Балғынбекұлы
