Елімізде қаржылық сауаттылықты арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жаңа деңгейге көтерілді. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Ұлттық банк, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы бірлесіп, мектептер мен колледждерде «Жаһандық құзыреттілік» пәнін жүргізетін педагогтерге арналған ауқымды оқыту бағдарламасын іске қосты.
Бағдарлама аясында республика бойынша тоғыз мыңнан астам мұғалімді қамту көзделген. Өткен жылы бес мыңнан аса ұстаз алғашқы легінде білім алса, биыл шамамен тағы төрт мың педагог қаржылық сауаттылық негіздерін меңгермек.

Бұл – қаржылық мәдениетті қоғамға білім беру жүйесі арқылы орнықтыруға бағытталған стратегиялық қадам.
Қаржылық сауаттылық тек табыс табу немесе ақша жинау дағдысы емес, инфляцияны түсіну, несиені саналы пайдалану, инвестиция тәуекелін бағалау, алаяқтықтан қорғана білу, жеке деректерді қорғау мәдениеті. Сарапшылардың пікірінше, бұл дағдыларды ерте жастан қалыптастыру, экономикалық тұрақтылықтың негізі.

Осыған орай, педагогтерді арнайы даярлау басты назарға алынған. Оқу бағдарламасы қаржы және білім беру саласындағы халықаралық тәжірибелер мен сарапшылар ұсынымдары негізінде әзірленген. Бес күндік курс барысында қатысушылар қаржылық мінез-құлық психологиясы, отбасылық бюджет жоспарлау, шығындарды талдау, инвестиция негіздері, несие және зейнетақы жүйесі, цифрлық активтер, сондай-ақ қаржылық алаяқтық түрлерін ажырату тақырыптарын меңгереді.
Сабақтарды «Өрлеу» орталығының тренерлері мен Ұлттық банк мамандары жүргізеді. Практикалық кейстер, нақты өмірлік мысалдар мен заманауи әдістемелер кеңінен қолданылады. Мәселен, Қостанай облысында 2025 жылғы қыркүйек-қараша айлары аралығында 250 педагог оқытылды. Биыл ақпан айында аталған курстың екніші кезеңі басталып, кезекті топ білім алуда. Облыстың аудан-қалаларынан келген мұғалімдер қазақ және орыс тілдерінде дайындықтан өтуде.

«Қаржылық сауаттылықты білім беру жүйесіне енгізу – экономикалық тұрақтылықты нығайтудың маңызды құралы. Курстан өткен педагогтер алған білімдерін өз әріптестерімен және оқушыларымен бөлісіп жатыр. Бұл бастама қоғамның қаржылық мәдениетін арттыруға ықпал етеді», – дейді Қостанай облысы бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының тренері Айнұр Мускина.
Ал Қазақстан Ұлттық Банкінің Қостанай филиалының тренері Нұрлан Әбенов курс барысында мұғалімдерге отбасылық бюджет құру, бизнес-жоспар жасау, онлайн алаяқтардан сақтану жолдары жан-жақты түсіндірілетінін атап өтті. Арнайы әдістемелік құралдар әзірленіп, оқушылар мен ата-аналарға түсінікті тілде материалдар дайындалған.

«Курсқа жиналған педагогтар қаржылық мінез-құлық психологиясы, отбасындағы бюджет пен шығындарды жоспарлау әдістерін меңгереді. Ал біздің мамандар инфляцияның жеке қаржыға ықпалы, инвестиция, цифрлық активтер, несие мен зейнетақы жүйесі, алаяқтықтың түрлерін ажырату және жеке деректерді қорғау тақырыптарында дәріс оқиды», — дейді Нұрлан Әбенов.
Соңғы жылдары интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларының көбеюі қаржылық білімнің маңызын айқын көрсетті. Курстан өткен ұстаздар өз мектептерінде оқушыларға ғана емес, ата-аналар қауымына да түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастаған.

«Бұл курсқа алғаш рет қатысып отырмыз. Бұл – елімізде қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған маңызды іс-шара. Мемлекет басшысының бастамасымен ҚР Ұлттық Банкі мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы бірлесіп өткізген апталық курсқа келдік. Курс барысында қаржылық сауаттылықты бөлімдер бойынша оқып, жан-жақты білім алып жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз – осы алған білімімізді оқушыларға жеткізіп, олардың қаржылық сауатын арттыру. Әсіресе соңғы уақытта көбейіп кеткен телефон және интернет алаяқтары туралы түсіндіріп, сақтану жолдарын үйретуді көздеп отырмыз. Қазір әр мектептен 25 мұғалім білім алуда, сабақтарды Ұлттық банк қызметкерлері жүргізіп жатыр. Ауылдық жерде байланыс сапасы төмен. Аудан орталығынан 15 шақырым жерде тұрсақ та, мектепте интернет нашар жұмыс істейді. Өкінішке қарай, әріптестеріміздің арасында да алаяқтардың құрбаны болғандар бар. Сондықтан бұл курстың біз үшін маңызы өте зор деп есептеймін», — дейді Амангелді ауданы Жасбуын жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Төлепберген Байдрахман.
Ал Жанкелдин ауданының әлеуметтік педагогі Айгүл Қылышбекова курс барысында салық жүйесі, зейнетақы қалыптастыру, банк карталарының қауіпсіздігі туралы тың мәліметтер алғанын айтады.

Қаржылық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру – тек жеке адамның емес, тұтас елдің экономикалық қауіпсіздігіне әсер ететін фактор. Сарапшылардың пайымдауынша, саналы қаржылық мінез-құлық инфляциялық қысымға төтеп беруге, артық қарыз жүктемесін азайтуға және жинақ мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий Васильев
