Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің мәжіліс залында «ҚР Конституциясының жобасы: білім мен ғылым басты бағыт» тақырыбында интерактивті дәріс өтті. Жиын барысында ғалымдар мен сарапшылар конституциялық реформалардың мазмұнын ғылыми-эксперттік деңгейде қарастырып, Ата Заңда ұсынылып отырған өзгерістерді талқылады. Бұған аталған оқу орнының оқутушылары, ғалымдар, академиктер қатысты.
Өңірдің ғалымдары, оқытушылары алқалы жиында бас қосып, мемлекет дамуының тағдырлы кезеңінде ой-пікірімен бөлісті. Жалпы А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті – ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын, экономика мен қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерделейтін, мемлекет саясатының ғылыми негізін қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан іргелі білім ордасы.

Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Парламенттік реформалар туралы бастама көтерген сәттен бастап, жоғары оқу орны басшылары, ғалымдар бұл үдерістен тыс қалған емес. Ғалымдар, сарапшылар өз ой-пікірлері мен ғылыми негізделген ұсыныстарын жолдап, реформалардың мазмұнын тереңдетуге атсалысып келеді.

– Қазір біз мемлекетіміздің дамуындағы тарихи кезеңді бастан өткізудеміз. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы талқылануда. Конституция – сол дамудың іргетасы, ұлттың ертеңіне бағыт беретін ең биік құқықтық өлшем. Сондықтан елімізде қолға алынған конституциялық реформалар ғылыми тұрғыдан сараланып, қоғамдық санада байыппен қабылдануы тиіс. Биылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел Конституциясына түбегейлі өзгерістер енгізілетінін жариялап, саяси жаңғырудың жаңа кезеңін бастады. Осыған орай, Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына түрлі сала өкілдерімен қатар, ғылыми қауымдастық мүшелері де тартылды. Ұлттық ғылым академиясының өкілдері жаңа Конституция жобасын әзірлеу жұмысына белсенді түрде, жауапкершілікпен қатысты. Нәтижесінде, ұсынылып отырған жаңа Конституцияның орталық идеясы ретінде ғылым мен білім, мәдениет пен инновация айрықша айқындалып отыр, – деді Ахмет байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің деканы Әлібек Табылденов.
Осы орайда отырысқа қатысқан мамандар конституциялық жаңғыруды тек құқықтық акт ретінде емес, білімді, инновацияны және сыни ойлауды бағалайтын жаңа қоғамдық келісімнің негізі ретінде түсінуге жол ашатынын баса айтты. Жиында бір топ ғалым, профессорлар конституциялық реформаларға қатысты өз ұстанымын ашық білдіріп, қоғамдық пікірге үн қосты.

– Жаңа Ата заңның басты идеяларының бірі – Қазақстанның болашағы азаматтарының білімімен, ғылымымен, шығармашылығымен және жаңашыл ойымен айқындалатынын нақты бекіту. Конституцияның Кіріспесінде мәдениет, білім, ғылым және инновация негізгі құндылықтар ретінде айқындалса, оның «Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімінің 3-бабында адам капиталы мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде танылды. Ең басты бағыт – Адал азамат және заң мен тәртіп. Бұл жоба тек түзетулерден тұратын құжат емес, жалпы Ата заңның 77 бабы жаңартылды, және негізгі қағида – билік халық үшін қызмет етуі тиіс. Заң мен тәртіп барлық шешімдер мен әрекеттерге бағыт береді, бұл қоғамдағы тұрақтылық пен сенімділіктің негізін қалайды. Әр азамат өз құқығын қорғай алады, ал билік өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Адал азамат – қоғамның тірегі, оның үлгісі – құқыққа бағыну мен әділдікке адалдық. Ғылым мен білім саласында бұл қағиданың мәні ерекше. Студенттер, магистранттар және докторанттар өз құқықтарын қорғау мүмкіндігіне ие болады, академиялық еркіндік сақталады, ал университеттер оқу және зерттеу процесінде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етеді. Бұл ғылым мен білімнің сапасын арттыруға, инновациялық идеяларды жүзеге асыруға қажетті сенімді ортаны қалыптастырады. Сонымен қатар, адами капиталдың дамуы осы бағытта шешуші рөл атқарады. Адалдық пен заңға бағыну мәдениеті, білім мен кәсіби дағдыларды жетілдіру, зерттеушілер мен студенттердің шығармашылық әлеуетін толық ашу барлығы адами капиталдың сапасын арттырады. Бұл қоғамның интеллектуалды және моральдық деңгейін көтереді және жаңа технологиялар мен инновацияларды тиімді енгізуге жол ашады. Қорытындылай келе, жаңа Ата заң жобасы – мемлекет пен қоғамды жаңғыртуға арналған стратегиялық қадам. Оның басты бағыттары: Адал азамат, Заң мен тәртіп, Әділетті Қазақстан, Таза Қазақстан, білім мен ғылымды қолдау, инновациялар, адами капитал, жеке деректерді қорғау, сот, адвокатура және кінәсіздік презумциясы. Бұл студенттерге, зерттеушілерге, университеттер мен ғылыми орталықтарға жаңа мүмкіндіктер ашады, қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуына үлес қосады. Біз, академиялық қауымдастық өкілдері – профессорлар, оқытушылар, қызметкерлер мен студенттер, конституциялық реформаны және жаңа Ата заңды қабылдау үшін референдум өткізуді толық қолдаймыз, – деді Рудный индустриялық университетінің басқарма мүшесі, инновациялар және интернационалдандыру мәселелері жөніндегі проректоры Айдын Сәбитов.
Осы орайда, өңірдің белді оқу орындарының оқытушылары, академиктері мен ғалымдары барша отандастарымызды Қазақстан халқына ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге, оның мәні мен мазмұнын терең түсінуге шақырады.
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті профессоры Дмитрий Легкий білім мен жастардың жаңа Конституциядағы рөліне тоқталды.

– Жаңа Конституция тек саяси реформа ғана емес, бұл – Қазақстанның интеллектуалды әлеуетін арттыруға арналған стратегиялық қадам. Енді партиялық тізім бойынша сайлаулар өткізіледі, және әр жас азамат өз азаматтық ұстанымын көрсетуге мәжбүр болады. Бұл қарапайым сайлау механизмі емес, жастардың саяси мәдениетін қалыптастыру, жауапкершілік пен белсенділікті дамыту құралы. Сонымен қатар, жаңа Конституция университеттер мен ғылыми орталықтарға құқықтық кепілдік береді. Бұл дегеніміз студенттер мен жас зерттеушілер білім алуда және ғылыми ізденісте толық қауіпсіздік пен академиялық еркіндікке ие болады. Университеттердегі ғылыми зерттеулер мен тарихи зерттеулер тек ақпарат көзі ғана емес, жастардың ой-өрісін кеңейтіп, өз елінің тарихы мен мәдениетімен танысуға жол ашады. Біз, ғалымдар, жастарға жаңа саяси жүйені түсіндіруіміз керек. Мысалы, біздің кітапханамыздағы Ахмет Байтұрсыновқа арналған зерттеулер мен университет тарихы жайлы монографиялар студенттерге өз елінің білім мен ғылым саласындағы дамуын түсінуге мүмкіндік береді, – деді Дмитрий Легкий.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
