Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты «Turkistan» газетінің Бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына берген сұхбатында Қарулы күштердің қоғамдағы орны мен әскери қызметтің мәні кеңінен қамтылды. Президенттің бұл мәселеге айрықша тоқталуы бекер емес. Ел қауіпсіздігі мен ұлт болашағына деген жауапкершілік бірінші тұлғаның үнемі есінде тұратын және алдыңғы орындағы міндеттер.
Президент армиядағы тәртіп пен сарбаздардың қауіпсіздігіне қатысты нақты әрі қатаң ұстанымын білдірді. Әскери борышын өтеу кезінде кездесіп жатқан жарақат алу, адам өлімі сияқты қайғылы жағдайларды Мемлекет басшысы «өркениетті елге жат құбылыс» деп айтты. Бұл жай ғана эмоциялық пікір емес, мемлекет үшін аса маңызды саланың жағдайына берілген саяси және адами баға. Осы саланың маманы ретінде мен мұны қоғамға берілген анық белгі деп санаймын: әскер – қорқыныш емес, тәрбие мен азаматтық кемелдену мектебі болуға тиіс.
Президенттің әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдық пен жершілдікке жол берілмейтіні жөніндегі сөзі де өте орынды. Армиядағы тәртіппен қатар, тұтас қоғамдағы әділдік пен бірлікке қатысты талап дер едік мұны. Командирдің сарбазға үлгі болуы, тәрбие жұмысының бірінші орынға шығуы әскери жүйенің рухани өзегін күшейтеді. Мемлекет басшысының бұл мәселелерді жеке бақылауында ұстайтынын айтуы жауапты құрылымдарға үлкен міндет жүктейді.
Сонымен бірге Президент әскер төңірегінде негізсіз үрей туғызатын жалған ақпаратқа да нақты жауап берді. Қоғамда әскерді тек жағымсыз қырынан көрсетуге тырысатын көзқарастардың бар екені жасырын емес. Мемлекет басшысы тексерулердің әскердегі тәртіптің жалпы сақталып отырғанын көрсеткенін айтып, мәселені байыппен, салмақты түрде түсіндірді. Бұл – қоғамды дүрбелеңнен сақтайтын, шындыққа негізделген ұстаным.
Маңыздысы, Президент әскери қызметтің жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын да атап өтті. Әскери борышын өтеп келген азаматтардың тегін білім алуы, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруі, келісімшарттағы әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуы армияның тек міндет емес, болашаққа бастар жол екенін дәлелдейді. Бұл – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің тиімді тетігі.
Қарулы Күштерді технологиялық тұрғыдан жаңғырту, заманауи қару-жарақпен жабдықтау мәселесіне де ерекше мән берілді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери шерудің халықаралық деңгейде жоғары бағалануы армиямыздың әлеуетін айқын көрсеткен маңызды оқиға болды.
Сондай-ақ ұлттық әскери мектептің қалыптасуы, Тараздағы мамандандырылған әскери мектепке Бауыржан Момышұлының есімін беру туралы шешім – рухани сабақтастықтың жарқын үлгісі. Батыр бабаларымыздың өнегесімен тәрбиеленген жас ұрпақтан ел қорғайтын нағыз сардарлар шығатынына сенім мол.
Қорытындылай айтқанда, Президенттің бұл сұхбаттағы ойлары армияны жаңғыртудың ғана емес, қоғамдық сана мен ұлттық жауапкершілікті күшейтудің де бағдарламасы деуге болады. Әскердің абыройы артса, елдің еңсесі көтеріледі. Бұл – бүгінгі жаңғыру кезеңіндегі ең өзекті, ең маңызды ұстанымдардың бірі.
Мұхарбек МАХАМБЕТ,
ақын, запастағы подполковник
