Мемлекетті жаңғырту – билік пен халықтың ортақ жауапкершілігі

Мемлекетті жаңғырту – билік пен халықтың ортақ жауапкершілігі

Президенттің бүгінгі сұхбатын тарихи әрі стратегиялық тұрғыдан саралай отырып, көп дүниені ойған түйдік. Қазақстан әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғырудың келесі сатысына көтеріліп отыр.

Бұл жай ғана сөз емес, конституциялық реформалар, институттарды жаңғырту және қоғамдық-мемлекеттік қатынастарды жетілдіруді көздейтін нақты бағдар. Президент ел ішінде саяси жүйені жоғары тиімділікке бағыттау, азаматтық қоғамның рөлін кеңейту мәселелерін үнемі айтып келеді, бұл жолғы сұхбатында да кеңінен тоқталған.

Жаңғырудың мәні – теңдестірілген әрі жүйелі реформалар. Президент сөзінде маңызды реформалардың кешенді түрде енгізілетінін айтқан. Өзгеріс экономикалық өсіммен бірге мемлекеттік басқарудың барлық саласын қамтымақ. Атап айтқанда, заң шығарушы, атқарушы және сот билігін ықпалды әрі әділ етуге бағытталған. Мұндай институционалдық өзгерістер елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіс.
Жаңғыру жаңа технологиялар мен цифрландыруға негізделетін болады. Қазақстан цифрлық экономикаға көшу үшін жасанды интеллектті, цифрлық инфрақұрылымды және инновацияны серпін алатын реформаларды алға қойды. Бұл – ғаламдық бәсекелестік жағдайында елдің даму әлеуетін жоғарылататын маңызды фактор.
Конституциялық реформалар туралы сөз болғанда халықтың қолдауы жөнінде айтпай кетуге болмас. Мемлекет басшысы реформалардың заңнамалық және конституциялық деңгейде жүзеге асырылатынын, бұл бағытта қоғамдық талқылау мен референдум сынды механизмдерді пайдаланатынын тілге тиек еткен. Мұндай тәсіл билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады, реформалардың заңды әрі орнықты болуына жағдай жасайды.
Елді жаңғыртуды тек жоғары биліктің жұмысы десек қателесеміз. Оны бүкіл қоғамның ортақ ісі деп қарай білу керек. Әр азаматтың өсуі мен белсенділігі елдің дамуына тікелей әсер ететінін Мемлекет басшысы да айтып отыр. Жастарды, кәсіпкерлерді, ауыл тұрғындарын және қоғамдық бірлестіктерді қамтитын кең ауқымды міндет тұр алдымызда. Мұндай көзқарас ұлттық бірлікті нығайтады.
Президенттің бүгінгі сұхбатын тарихи маңызы бар стратегиялық бағдарлама деп те қарасьтыруға болады. Ол экономикалық даму, саяси жүйені реформалау, қоғамдық келісім мен цифрландыру сияқты кешенді бағыттарды қамтыған. Бұл тек сөз деңгейінде қалмай, нақты заңнамалық және институционалдық өзгерістерге айналатын болады.

Қалқаман ЖАҚЫП,
Қостанай облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы