Президенттің Жаңа жылдық құттықтауында келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы – Қазақстанның технологиялық дамуда уақыт талабынан қалмай, керісінше жаңа мүмкіндіктерді алдыңғы қатардан игеруге ұмтылып отырғанын көрсетеді.
Бұл шешім ел дамуының ұзақмерзімді стратегиясымен толық үндеседі.
Цифрлық мемлекет құру – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтереді. Ашық деректер, электронды сервистер мен автоматтандырылған жүйелер бюрократияны азайтып, адам факторына тәуелділікті төмендетеді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы әділеттілік пен сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Жасанды интеллектіні экономиканың, білім мен денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларына енгізу – өнімділікті арттырып, ресурстарды ұтымды пайдалануға жол ашады. Әсіресе агроөнеркәсіп кешенінде, су ресурстарын басқаруда және қалалық инфрақұрылымды дамытуда жасанды интеллект нақты нәтижелер бере алатын маңызды құралға айналмақ.
Президент атап өткен цифрландыру бағыты адами капиталды дамыту мәселесімен де тығыз байланысты. Жас ұрпақтың технологиялық сауаттылығын арттыру, жаңа мамандықтарға бейімдеу – елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін шешуші фактор. Бұл тұрғыда Қазақстан цифрлық трансформацияны тек техникалық жаңғыру емес, ұлттық дамудың жаңа мәдениеті ретінде қарастырып отыр.
Қорытындылай келе, цифрландыру мен жасанды интеллектке басымдық беру – Қазақстанның озық, ашық және тиімді мемлекетке айналу жолындағы маңызды қадамы. Бұл бастама қоғамның барлық саласына серпін беріп, елдің болашақ дамуына берік негіз қалайды.
Нұрбек Сейтқазиев,
Қостанай облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі
