Аудан басшылығы тасқын сумен күресе жүріп өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын назардан тыс қалдырған жоқ. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ден қойды.
Мысалы, биыл автокөлік тауарларын сататын дүкені бар жанармай құю станциясы ашылды. Жоба құны 500 млн теңге шамасында.
«Заманауи үлгідегі жанармай құю бекеті ашылып, игі істің нәтижесінде 12 жұмыс орны құрылды. Жергілікті кәсіпкерлер алдағы уақытта осындай үш бекет ашуға ниет білдіріп отыр», – дейді бұл туралы аудан әкімі Қайрат Оспанов.
Осы секілді «Қасиет-2017» ЖШС Шалғышы ауылында өз қаражаты есебінен 20 мың тонна астық сақтауға қауқарлы қойма салыпты.
Болашақта мал азығына қажетті жемдік ұн өндіруге арналған жабдықтар онатуды жоспарлауда.
Құны 1,5 млрд теңгелік жоба келер жылы толық іске аспақ. Сондай-ақ «Бидай К» ЖШС 400 бас ірі қараға шақталған сүт-тауарлы фермасын салуды жоспарлауда.
Бұл жобаның құны 3,5 млрд теңге. Ферма жылына 8 мың тонна сүт өндіруге қуатты. Жоспардағы келесі жоба «Қараман-К» ЖШС тиесілі. Серіктестік бес мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салуды және кеңейтуді көздейді.
Құны 3,1 млрд теңгеге есептелген. Бүгінде сметалық құжаттамалары дайын. Мемлекеттік сараптамадан өткен. Құрылыс монтаждау жұмыстары келесі жылы басталмақ.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Қарасу ауданы
