Арқалықта қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уалихановтың 190 жылдығы, Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы, ақын-жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған мүшәйра өтті.
Ауқымды жыр додасына 14 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Нәтижесінде дарынды тұлғаның образын барыншы ашуға, жырмен суреттеуге тырысқан талантты жас жазба ақындар марапатталып, ақшалай сый-сияпат берілді.
Атап айтқанда: «Шоқан Уалиханов», «Абай Құнанбаев» атындағы арнайы жүлделерге Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің студенттері Ақниет Құлжанова мен Нұржігіт Орымхан, «Міржақып Дулатұлы» атындағы арнайы жүлдеге Арқалық медицина колледжінің студенті Еркеназ Түгелова ие болды.
Жүлделі үшінші орынды Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің студенті Тоймереке Сағимбева мен ең жас ақын Ы.Алтынсарин атындағы гимназиясының 9 сынып оқушысы Гүлназ Абдығалым еншледі.
Екінші орынды Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің білім алушысы Қадиша Бекетаева мен №10 жалпы білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Аякөз Оразғали қанжығаларына байлады.
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің студенттері Ғибрат Меңдібаев бірінші орынды, Нұрсаят Хусайнов бас жүлдені жеңіп алды.
«Өлең – өмірдің үзіліп түскен бір тамшысы болса, сол тамшыны теңізге айналдырған ақын қаламынан туған шығарманың қайсыбірін алсақ та тұщымды ой, өнегелі тәрбие беретіні айқын. «Талант – халық қазынасы» дегендей ақындар мүшәйрасына келген барша сөз жақұтын терген жас жазба ақындарымызға ыстық ықыласы мен шынайы ниеттеріне алғысымызды білдіреміз. Бұл өлеңге деген құрметі шексіз арқалықтықтар үшін тағы бір рухани серпіліс болды десем артық емес», – дейді қалалық Мәдениет сарайыныі «Әдебиет» бөлімінің меңгерушісі Зәмзагүл Ақылбекқызы.
Тартысты жыр бәйгесіне ұлағатты ұстаз, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Құрметті профессор Ардақ Абдуллина, «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белді айтыскер ақын Батырлан Сағынтаев, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі, Арқалық қалалық Мәдениет сарайының қызметкері, жас ақын Айбар Рағатов, 2024 жылғы қалалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпазы Думан Елубай қазылық жасады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
