Қарасу ауданының Қарамырза ауылында су тасқынына қарсы қорғаныс шаралары күшейтіліп жатыр

Қарасу ауданының Қарамырза ауылында су тасқынына қарсы қорғаныс шаралары күшейтіліп жатыр

Қарамырза ауылы жыл сайын су тасқынына ұшырап келеді. Орташа алғанда, су деңгейі 1,5–2 метрге дейін көтеріліп, аулалар мен тұрғын үйлерді басып қалатын. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың мүлкін қорғау мақсатында жергілікті билік кешенді шаралар қабылдау үстінде.

Ауылда биіктігі 2 метр болатын қорғаныс дамбасы салынып жатыр. Ол тасқын суды ұстап, тұрғын үйлерге таралуына жол бермеуге тиіс. Сонымен қатар қауіпті аймақта орналасқан 54 үйдің айналасына топырақ төгу және оны биіктету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ су ағынын шектеу мақсатында тұрғын үйлердің айналасына қосымша қорғаныс валдары қазылуда.Су тасқынына қарсы маңызды нысандардың бірі – айналма арна. Ол үнемі тазартылып, судың тез ағуына және ойпат жерлерде жиналып қалмауына жағдай жасалу үстінде. Бұл шаралар ауыл аумағына түсетін су жүктемесін азайтуға және су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.

Аудан әкімдігі Қарамырза ауылын су тасқынынан қорғау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

«Біз жыл сайын тасқын қаупін бағалап, қажетті шараларды қолға аламыз. Қазір негізгі жұмыстар белгіленген кестеге сай орындалуда. Біз тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті жасаудамыз», – деп мәлімдеді жергілікті билік өкілдері.

Жаңалықтармен бөлісу