«Қостанай таңы» газетінің ардагер журналисі Қанат Аужанов 75 жасқа келді

«Қостанай таңы» газетінің ардагер журналисі Қанат Аужанов 75 жасқа келді

«Қостанай таңы» газетінің аға буын өкілдерінің қай-қайсысы да ардақты тұлғалар. Өйткені олар қарт басылымның тарихы мен келешегін жалғаған алтын арқауға айналды. Газеттің беделін биіктетуге өлшеусіз үлес қосты. Қарашаңырақтың сондай қастерлі ардагерлерінің бірі, қарымды журналист Қанат аға Аужанов бүгінде 75 жасқа келіп отыр.

Тарихы терең, тағылымы ерен «Қостанай таңы» газеті – небір жампоз журналист, қабырғалы қаламгерлердің шеберханасы. Шежіресіне көз салсақ, Тобыл-Торғайдың талай тарлан тұлғаларына тұғыр болғанын аңғарамыз. Бір ғана Әулиекөл өңірінің бірнеше буын дарыны осы үнпарақта қалам ұштапты. Сол көптің ішінде қадірлі Қанат ағамыздың да есімі ерек. Саналы ғұмырының отыз жылын ата басылымға арнаған журналисті оқырманға етене таныстыруды жөн санаймыз.

Қанат Аужанұлы – қарт Торғайдың тумасы. 1950 жылы Жанкелдин ауданының Қызбел ауылында дүниеге келген. Кейін Әулиекөл ауданына қоныс аударып, осындағы Целинный орта мектебін 1968 жылы бітіріп шығады. Одан ары 1980 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚҰУ журналистика факультетін тәмамдады. 1985-87 жылдары Алматы Жоғары партия мектебінде де дәріс алған.

Ағамыздың журналистік еңбек жолы Семиозер аудандық «Жеңіс туы» («Знамия победы») газетінде аудармашылықтан басталған. Бертін келе облыстық «Коммунизм таңы» газетіне қызметке алынды. Табаны күректей отыз жыл бойы жемісті еңбек етті. Қатардағы тілшіден, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы сияқты қызметтер баспалдағынан өтті. Ол бүгінде алғаш тәлім беріп, бағыт-бағдар сілтеген қарашаңырақтың қара нарларын сағынышпен еске алып отырады.

blank

«Қостанай таңы» газеті маған ыстық. Өйткені өмірімнің ең сәулелі сәттері, шырын шақтары осы қарашаңырақта өтті. Алғашқы редакторым Бақытжан Жангисин, оның орынбасары Сырлыбай Бүркітбаев жас журналистердің жанашыр ұстазы еді. Кадрларды тәрбиелеуге сіңірген еңбегін айтып жеткізу қиын. Олардың ізбасарлары – Бақытжан Нұрмұхамедов, Ғұмар Ахметчин, Сәлім Меңдібай, Қайсар Әлім және басқаларының қаламгер болып қалыптасуына зор үлес қосты. Олардың алдында өзімді қарыздар санаймын», – дейді Қанат аға.

Ағамыз қызмет істеген жылдардағы редакцияның хал-жайы, бейнетқорлықты талап ететін жұмыс процесі күні бүгінгідей көз алдында. Басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігін, ауанын аңдап отырып, көзі қуанып, көңілі тоғаятынын да жасырмайды.

 «Мен еңбек еткен 70-90 жылдары журналистер қиын жағдайда жұмыс істеді. Материалдар қол машинкасымен басылды, газеттің әр материалы баспаханада қорғасынмен құйылып, беттелді. Тілшілердің елді мекендерге іссапарға кездескен көліктерге ілесіп барып-келіп жүргені. Әрине, мұның бәрі сол дәуір үшін аса таңғаларлық жағдай да емес-тін. Сөйте тұра, қазіргімен салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей», – дейді ол.

Уақыт алға озып, заман ауысып, талап өзгерсе де ардагер журналистің басылым шежіресін жасасуға, өз тұсында газетті жаңа бір белеске көтеруге үлес қосқанын жоғары бағалау – бүгінгі буынның міндеті. Өйткені қарашаңырақтың мүддесіне қызмет еткен журналист атаулыны кешегі және бүгінгі деп бөлуге болмас. Редакцияда өткен әр сәтін қолмен қойғандай білетін ағамыз «Қостанай таңын» әлі сағынатынын айтып тебіренеді.

«Кешегі Сералин, Майлиндей ұлтымыздың біртуар тұлғаларынан кейінгі ұрпаққа аманат болып қалған «Қостанай таңының» мүддесі үшін қал-қадірімізге еңбек еттік. Дегенмен, бастапқыда өзім ойлағандай, бұл редакциядан зейнетке шыққаным жоқ. Әрине, ол да аса бір өкіне қояр дүние емес шығар. Біреулер «қарашаңырақтан кетуіңізге не себеп болды?» деп төтеден сұрақ қойып қалып жатады. Бүгінде көзі тірі қаламдастарым мұның сырын жақсырақ білер. Оны тарқатып отырудың қажеті де жоқ. Түрлі жағдай, қилы жоспар себеп болды. Қимастықпен қоштастым… Осында еңбек еткен кезім, ұстаздарым, әріптес қыз-жігіттер әлі түсіме кіреді», – деп тебіренді ақсақал.

blankҚанат Аужанұлының журналистика саласындағы көп жылдық еңбегі елеусіз де қалған жоқ. Әр жылы сан түрлі марапатпен ардақталып отырды. Мәселен, баспасөздегі қажырлы қызметі ескеріліп, 1982 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін, араға бір жыл салып Қазақ ССР Жоғары кеңесінің грамотасын, дәл сол жылы Одақтық «Журналист» журналының Құрмет грамотасын иеленді. Кейін ҚР Ақпарат министрінің, Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен екі мәрте марапатталды. 1996 жылы Қарабалық ауданының әкімі тағайындаған қазақтың тұңғыш журналисі М.Сералин атындағы сыйлықтың алғашқы иегері атанды. Ағамызға ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. «Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі» деген атағы және бар. Бұлардан бөлек, Венгер Халық Республикасының аумағында орналасқан кеңес әскерлерінің Оңтүстік тобында азаматтық парызын өтеген жауынгер сонау 70-ші жылдары «Әскери ерлігі үшін» медалін тағынған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы капитаны екенін де біріміз білсек, біріміз біле қоймаймыз.  Айтқандай, қаламгерлік қарымын көрсететін «Алтын ұяның жылуы» атты кітаптың авторы.

«Мен кітап жазуға құмар адам емеспін. Бұл естелік еңбекті Әулиекөл ауданы Целинный орта мектебін бітірген түлектерге арнап жазған едім, – дейді ағай. – Жалпы, өзім 2001 жылдан бері аударма жұмысымен айналысып келемін. Темір жол саласында жетекші инженер аудармашы болдым. Қазір облыстың денсаулық сақтау саласында аудармашы маман болып істеймін», – дейді әлі күнге қызметте жүрген ардагеріміз.

Қадірменді қарт өзінің қолтаңбасы қалған басылымның заман ағымына ілесіп, жасара, жаңара, жандана түскенін көріп, қуанып отыратынын айтады. Бүгінде сүйікті газетінің тұрақты әрі жанашыр оқырманы. Газеттің қазіргі келбет-кейпі туралы пікірін білдіріп, ұсыныс-тілегін де жеткізді.

«Өмірлік жан серігім болған газетімнің бір нөмірін қалт жібермей оқып отырамын. Алған бағыты, ұстанымы, жаңа бет-бейнесі көңілімнен шығады. Мән-мазмұны да тереңдей түскені байқалады. Жаңа айдар-мүйістердің, тартымды жобалардың көтерген жүгі салмақты. Мұның бәрі жас буын журналистердің, жалпы ұжымның маңдай тер, табан етінің жемісі деп білемін. Дей тұрғанмен ауылдың, экономика мен әлеуметтің көкейтесті мәселелері әлде де газет бетінен жиірек көрініс тапса деген ағалық тілегім бар», –  деп шынайы лебізін айтты тілеуқор ақсақал.

Қанат ағамыз бүгінде тамыры тереңге тартқан бір әулеттің асқар тау әкесі, ардақты атасы. Қазіргі «Қостанай таңында» қызмет етіп жүрген шағында отбасы құрып, алдыңғы толқын ағаларының ақ батасын алған. Үш баласы, бес немересі бар. Қыздан туған немересі Әсем Азаматқызы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ журналистика факультетінде оқиды. «Текте бар теппей тұрмайды» деген осы емес пе. Ізін басып, жолын қуған немересін мақтан етіп отырады.blank

Бақытын БАҚ саласынан тауып, ізбасарларына өнеге боларлықтай із қалдырған журналистика ардагерін, қарашаңырақтың қадірлі қартын мерейтойымен біз де шын жүректен құттықтаймыз!

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суреттер Қанат ағамыздың жеке мұрағатынан алынды