Биылғы еліміз бойынша оқу гранттарына құжат қабылдау науқаны басталды. Бүгінде Қостанай өңірлік университетінің маңайында да Мемлекет тарапынан білім алуға беріліп жатқан осындай қолдауларды тиімді пайдалану үшін өріп жүрген талапкерлердің қарасы қалың. Осы орайда университет қабылдау бөлімінің бас хатшысы Шыңғысхан Ғабдуллинмен сұхбаттастық.
Биылғы қабылдау науқаны, университеттің білім беру бағдарламалары, халықаралық серіктестіктерімен жүзеге асырылып жатқан жаңашылдықтары жайлы кеңінен әңгімелеп берді.
– Шыңғысхан Сағындықұлы, биылғы талапкерлерді қабылдау науқаны басталып жатыр, қазіргі таңда бірнешеуі грантқа құжатарын тапсырып үлгеріпті. Биыл жалпы қанша грант бөлінді? Осы жайлы оқырмандарға ақпарат бере кетсеңіз.
– Биыл еліміз бойынша 93 мыңнан аса мемлекеттік грант бөлінді. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан қосымша жеңілдетілген – дифференциалды гранттар қарастырылып отыр. Бұл – студент оқу ақысының бір бөлігін өзі төлейді, ал қалғанын мемлекет жабады деген сөз. Бұл жүйе бәсекеге қабілетті бола тұра, көптеген студенттер үшін қолжетімділік тудырады. Университетімізде бакалавриат бойынша оқу ақысы 532 200 теңге болса, магистратура 649 800 теңгені құрайды. Биылғы жалпы оқуға құжат қабылдау 1 шілдеде басталған 25 тамызға дейін жалғасады. Ал грантқа өтініш қабылдау 13–20 шілде аралығында өтеді. Талапкерлердің белсенділігі өте жоғары. Мысалы, алғашқы күні 200-ге жуық абитуриент құжат тапсырса, келесі күні бұл көрсеткіш 400-ге жетті. Қазірдің өзінде 1000-нан астам өтініш қабылданды. Осы жерде айта кететіні, педагогикалық және құқықтану мамандықтарына өтініш беру үшін талапкердің ҰБТ баллы 75-тен кем болмауы тиіс. Ал техникалық, ауыл шаруашылығы және гуманитарлық бағыттар үшін шекті балл – 50. Бірақ, өкінішке қарай, кейбір түлектер бұл шекті баллға да жете алмай отыр.
– Оқу ордасында қабылданатын осы болашақ студенттерді қандай білім беру бағдарламалары күтіп тұрғанын айта кетсеңіз.
– Қостанай өңірлік университеті – еліміздің көпсалалы және беделді жоғары оқу орындарының бірі. Бізде бүгінде 8000-нан аса студент білім алуда. Университетіміздің ерекшелігі – барлық негізгі бағыттар бойынша мамандар даярлаймыз. Оларға: экономикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық ғылымдар кіреді. Университетіміз 80 жылдан аса уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Бұл – жоғары білім беру саласындағы үлкен тәжірибе мен сенімділік кепілі. Бүгінгі таңда бізде 130-дан аса білім беру бағдарламасы бар. Сегіз негізгі бағытта мамандарды дайындаймыз. Университетімізде қос дипломды білім беру бағдарламалары жақсы жолға қойылған. Қазір біз АҚШ, Корея, Қытай, Латвия, Ресей сынды елдердің университеттерімен серіктестік орнатып отырмыз. Мысалы, АҚШ-тағы Миннесота университетімен келісімшарт негізінде студенттеріміз IT саласы бойынша бірінші курстан бастап іріктеледі. Биыл 12 студент таңдалып, олар келесі жылы ағылшын тілін тереңдетіп оқыған соң Америкада 1,5 жыл білім алады. Оқу аяқталған соң, екі елде де жарамды дипломға ие болады. Бұл түлектерге АҚШ-та немесе Қазақстанда жұмыс істеуге жол ашады. Сол сияқты Оңтүстік Кореядағы Донгхе университетімен бірлесіп, машина жасау бағыты бойынша қос дипломды бағдарлама бар. Бұл бағдарлама арқылы студенттер алдымен бізде «агроинженерия» мамандығы бойынша оқиды, кейін Кореяда Hyundai концернінің базасында машықтанып, тәжірибе жинайды. Сонымен қатар, агрономия бағыты бойынша Қытайдың цифрлық ауыл шаруашылығы университетімен де байланыс бар. Бұл – әлем мойындаған алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны.
– Осы жағдайлар университеттің материалдық-техникалық базасына да байланысты шығар..?
– Әрине, жақында жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Толықтай студенттерді қамтып отырмыз. Жатақханада тұру ақысы айына 18–28 мың теңге аралығында. Университетімізде заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханалар бар. Азық-түлік, химия, агромеханикалық бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар, биотехнологиялық қолданбалы ғылыми институт жұмыс істейді. Магистранттар мен докторанттар осында өз зерттеулерін жүргізіп, дипломдарын ғылыми жобалар негізінде қорғайды. Жасанды интеллект технологияларын дипломдық жобаларға енгізу үрдіске айналған. Біздің университеттің тағы бір маңызды артықшылығы – әскери кафедраның болуы. Бұл – көп университеттерде жоқ мүмкіндік. Кез келген студент 1 немесе 2 жыл оқи отырып, әскери шен ала алады. Бір жыл оқыған студент – запастағы сержант, ал екі жыл оқыған – офицерлік шенмен бітіреді. Дипломмен бірге әскери билетке де ие болады. Бұл – азаматтық және әскери қызметті қатар алып жүруге мүмкіндік береді. Бізде студенттік парламент жұмыс істейді. Олар университет ішіндегі тәрбие, мәдениет, әлеуметтік мәселелерге атсалысып, өздері шешім қабылдауға қатысады. Үш студенттер үйі жұмыс істейді. Түрлі үйірмелер, еріктілер клубы, жастар ұйымдары бар. Бұл – студенттерге тек білім алып қана қоймай, тұлғалық дамуға да жағдай жасайтын орта. Қорыта айта кетейін, біріншіден, бізде сапалы білім беретін тәжірибелі оқытушылар құрамы бар. Екіншіден, материалдық база, халықаралық бағдарламалар, қос диплом, ғылыми зертханалар, жатақхана, әскери кафедра – мұның бәрі студентке толыққанды даму мүмкіндігін береді. Үшіншіден, Қостанай – ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында ірі кәсіпорындар шоғырланған өңір. Студенттер оқу барысында нақты кәсіпорындарда тәжірибе өтіп, жұмысқа тұруға мүмкіндік алады. Сондықтан, Қостанай өңірлік университеті – сапалы білім мен нақты болашақ кепілі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Айбек ЖҮЗБАЙ
