Қостанайда пациент шабуылынан ауыр зардап шеккен дәрігердің кім екені анықталды

Қостанайда пациент шабуылынан ауыр зардап шеккен дәрігердің кім екені анықталды

Күні кеше облыстық ауруханада болған оқыс оқиғаға қатысты жаңа ақпараттар пайда болды.

Бұл жөнінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімет берді.

«Жұбайының рұқсатымен жапа шеккен дәрігердің хирург-уролог Антон Кистанов екенін хабарлаймыз. Антон Николаевичтің облыстық ауруханада жұмыс істеп жатқанына 6 жыл болған. Жасы 34-те. Ол он-ондаған өмірді өлімнен арашалап қалған білікті маман. Қазір өзгенің емес, өзінің өмірі үшін күресіп жатыр. Оны үйінде жары мен жаңа туған қызы күтіп отыр», – делінеді баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ ауыр жараланған дәрігердің нақты диагнозы да жария етілдіү

«Антонға жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалудың ауыр деңгейі, шүйде сүйегінің сынығы, төменгі еріннің оң жақ шырышты қабығының жарақаты, желке аймағының жұмсақ тіндерінің көгеруі диагнозы қойылып отыр. Шұғыл көмек көрсетілгеннен кейін телемедициналық консультациялар өткізу туралы шешім қабылданды – Антон Кистанов медавиация бортымен Астанаға шұғыл медицина орталығына одан әрі емделуге жіберіледі»,–дейді баспасөз қызметіндегілер.

Қазір күдіктіге қатысты процессуалды мәжбүрлеу шаралары қабылданды, атап айтқанда ол Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабы бойынша ұсталды. Енді оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілу үстінде. Бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау судьяның санкциясымен ғана қолданылады.
Естеріңізге сала кетейік. 17 шілдеде дәрігер қабылдауына келген пациент хирургке шабуылдаған еді.