Бүгін облыстық ауруханада оқыс жағдай тіркелді.
Күрделі операция аяқталғаннан кейін хирург пациенттерді қабылдауды жалғастыру үшін арнайы бөлімге келеді. Қабылдау кезек тәртібімен жүреді. Кенет үшінші кезекте тұрған науқастардың бірі жанжал көтерген. Ол дәрігерге соққы жұмсап, салдарынан хирург есінен танып қалады.
«Қазір дәрігер жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Біз мұны жеңіл-желпі қарайтын оқиға емес деп санаймыз. Бұл – өзгенің өмірі үшін күресетін жандарға қарсы қылмыс. Біз әділ тергеуді талап етеміз және медицина қызметкерлерін құрметтеуге шақырамыз. Дәрігерге жұмсалған жұдырық – денсаулық сақтау жүйесіне жасалған соққы. Дәрігерлердің қаруы жоқ. Олардың жалғыз «қаруы« — әрбіріміздің өмірімізді құтқаратын білімі, епті қолы, аялы жүрегі. Оларды туыс-туғандары есен-сау үйге оралғанын қалайды», – деп жазады облыстық аурухананың баспасөз қызметі.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.
Сурет: kazgazeta.kz
