Өңір басшысы Құмар Іргебайұлы Ақсақалов Қостанайдағы дәрігердің соққыға жығылып, ауыр зардап шегуіне байланысты ұстанымын білдірді.
«Бүгін облыстық ауруханада болған сорақы оқиғаға қысқаша пікір білдіргім келеді. Жаңа ғана біреудің өмірін аман алып қалған дәрігер қызмет орнында соққыға жығылды. Мұндай жағдайларға біздің қоғамда жол берілмеуге тиіс және барша тұрғын тарапынан қатаң айыпталуы қажет. Құқық қорғау органдарына істі толық әрі әділ тергеп-тексеруді тапсырдым. Кінәлі адам заң алдында жауап беруге тиіс. Біз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қауіп-қатерге ұшырауына жол бермейміз. Олар – күндіз-түні, ауа райына қарамастан, өз міндетін адал атқарып жүрген жандар. Дәрігерлердің қауіпсіздігі мен қоғамдағы мәртебесі басымдықта болуы қажет. Менің тапсырмаммен ауруханаға орынбасарым барды. Зардап шеккен дәрігердің әріптестерімен байланыстамыз», – деп жазды облыс әкімі Instagram-парақшасында.
