«Қарашаңырақ» ұлттық дәмге дем берді

«Қарашаңырақ» ұлттық дәмге дем берді

Қостанайда ұлттық тағам түрлерін сататын «Қарашаңырақ» сауда нүктесінің ашылғанына көп болған жоқ. Сауда орны көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы шағын орын болса да, бүгінде өз тұтынушыларын тапқан.

Ет, сүт өнімдерінің бірнеше түрін ұсынатын сауда үйінің дақпырты аз уақытта қаладан асып, аудан, ауылдарға дейін тарап үлгерді.

Дүкен иесі – Гүлжанар Садуақасова. Есепші қызметін атқарып жүрген жас келіншек қалай кәсібін бастап кетті? Бүгінгі тақырыбымыз осы болмақ.
Гүлжанарға кезекті декреттік демалысқа шыққан уақытында «неге ұлттық тағам сататын сауда үйін ашпасқа» деген ой келеді.

«Мен ұлттық тағамдарды әзірлеуді ерекше жақсы көремін. Әсіресе етті сүрлеп дайындау – бала күнімнен қалыптасқан дағдым. Үйімізде қой, сиыр, жылқы етін сүрлеп жейтінбіз. Бұл анамнан дарыған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүр. Үйге келген әрбір қонақ менің дастарқанымнан дәм татып, «бәрі өте дәмді болды» деп риза болып кететін. Осындай жылы лебіздер мені одан әрі шабыттандыратын. Алайда Қостанай өңірінде бұл кәсіп түрі соңғы жылдары кенжелеп қалып бара жатқанын байқадым. Қазіргі таңда көпшілік шұжық өнімдерін доңыз етінен жасайды. Осыны көріп, ұлттық өнімді дамытсам деген ой келді», – дейді Гүлжанар.

Сол мақсатпен жас келіншек үш жыл бұрын Ақтөбеге барып, арнайы шеберлік сабағын оқып келіпті. Ол кезде бұл істі кәсіпке айналдырамын деген нақты жоспары болмаған екен. Ақтөбеде «Қойшының қызы» брендімен танымал Ләйлә ханымнан білім алып, тәжірибе жетілдіреді. Сол сапардан кейін Қостанайда осы істі дамытамын деп өзіне нақты мақсат қойыпты. Жолдасымен, абысынымен бірлесіп нар тәуекелге көштік дейді.

«Бастапқыда бір жылдай қолға алмай жүрдім. Уақыт өте келе тәуекел етіп, аз-аздан бастап кеттім. Қазір осы істі жалғастырып, ұлттық тағамдарды жаңғыртуға өз үлесімді қосып келемін. Алғашқыда ет өнімімен бастағанмын. Одан кейін сүт айыратын аппарат сатып алдым. Қаймақ тартып, онан кейін балқаймақ, ірімшік шығару ісіне көштім. Үйден бастап, жеткізіп беру арқылы жұмыс істей бастағаныма екі жыл болды. Алғашқы алты ай бойы тек үй жағдайында тапсырыс қабылдап, өнімдерімді жеткізіп берумен айналыстым» , – деді Гүлжанар Садуақасова.

Осы уақыт ішінде тәжірибе жинап, тұтынушылардың сеніміне ие болған ол өз ісін кеңейтіп, Қостанайдың КСК ауданында дүкенін ашқан екен. Қазір цехта оннан астам адам жұмыс істейді. Өздері де белсенді араласады. Алғашында тары мен бидай өнімдерін сырттан алдыртса, қазір женттің бірнеше түрін өздері дайындап жүр. Дегенмен кейбір шикізатты әлі де Ақтөбеден алдыратыны жасырын емес.

Әр адам кәсіпті бастар кезде өзінің брендін қалдырғысы келеді. Гүлжанар да дүкенге қоятын атау жағынан түрлі нұсқалар іздеп көріпті. Оның ішінде «Қарашаңырақ» атауы ерекше ұнаған.

«Қарашаңырақ» деп атау қойған себебіміз мынада. Біздің үш ұлымыз, бір қызымыз бар. Заречный кентінде үлкен үй салып алдық. Кенжемізді әкесі ылғи да «қара шаңырақ иесі болады» деп отырады. Сол кезде менің ойыма келді. Идея осылай туды. Дәмді тағамдарды жейтін, ерекше тағамдарды жейтін жер қара шаңырақ деп бір жағынан ата заманнан келе жатқан салттың себебі болды. Менің де ашқан «Қарашаңырағымнан» тек дәмді тағамдар алады деген ойдамын», – деді ол.
Гүлжанардың туған жері – Жанкелдин ауданының Шилі ауылы. Меңдіқара ауданының Қаратал ауылының азаматы Жасұлан Ягалиевке тұрмысқа шығып, төрт бала сүйіп отыр. Тұңғыштары студент, қалғандары мектеп жасында. Қазір отбасы Заречный кентінде өздері салған үйде тұрады.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Ягалиевтер отбасы клиенттердің сұрауы бойынша «Береке» шағын ауданында екінші дүкенін ашқалы отыр. Оны ұлттық нақыштағы ерекше стильде безендірмек ниетте.

«Даму» бағдарламасы арқылы банкке жүгініп, 6 пайызбен несие алып, қажетті құрал-жабдықтарды рәсімдеп, жаңа дүкен ашуға бел будық», – дейді Гүлжанар Садуақсова.
Қазіргі таңда халықтың ұлттық тағамдарға деген сұранысы өте жоғары. Бұрын ұмытылып кеткен қызыл ірімшік, жент сияқты тағамдарды көпшілік қайтадан танып, қызығушылықпен алып жатыр.

«Қарашаңырақ» алдағы уақытта ассортиментті одан әрі кеңейте түспек. Қазірдің өзінде сүрленген қой еті, қарындағы тағамдар сияқты ерекше өнімдер көздің жауын алады. Кейбір тұтынушылар бұл тағамдарды толық түсіне бермейді, бірақ кәсіп иесі ұмыт қалған ұлттық ас түрлерін жаңғыртып, дамытуға ниетті.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Кәсіпкер Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кәсіпкерлер форумына қатысып, тәжірибе алмасып, жаңа идеяларға қанат бітіріп қайтты.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,

Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ,
ҚӨУ-нің 4 курс студенті
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ