Көкпаршы әкім

Көкпаршы әкім

Қазақта «жігітке жеті өнер де аз» дейді. Бұл сөз суреттегі Қостанай облысы Сарыкөл ауданына қарасты Веселоподол ауылдық округінің әкімі Жақсылық Мейрембаевқа айтылғандай.

Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен ұлттық спорттың жігерін бірге алып жүрген ол — ел арасында еңбекқор басшы. Сонымен қатар, ат спортына ерекше ықыласы бар нағыз көкпаршы.

Жақсылық Жұмадиұлы біраз жыл ішкі істер саласында түрлі қызметте істеген. Кейін, яғни 2016 жылдан бері Веселоподол ауылдық округ әкімі қызметін атқарып келе жатқан ол елдің тұрмысын жақсартумен қатар, дәстүрлі спорт түрлерін жандандыруды да мақсат еткен.

– Мемлекеттік қызметте жүрсем де, ұлттық спортты жаныма серік еткен жанмын. Себебі көкпар — бұл біздің қанымызда бар, ұлт рухын көтеретін өнер, — дейді Жақсылық Мейрембаев.

Оның айтуынша, көкпар тек күш сынасу емес, елдіктің, намыстың, татулықтың көрінісі. Ат пен адамның үндестігі, ұжымның бірлігі – жеңістің кілті.

— Ат спортынан өтетін жарыстар арқылы жастарды батылдыққа, ел мен жерге сүйіспеншілікке тәрбиелеуге болады. Ат спорты – қазақтың жаны. Кішкентай күнімізден атқа жақын болып өстік. Талай бәйгелерге қатыстық. Бұл қазақтың жаратылысындағы табиғи қасиет, — деді Веселоподол ауылдық округінің әкімі.

Жақсылық Мейрембаев бала күнінен спортқа жақын болып өскен. Қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері атағын алған, хоккеймен де айналысқан. Атқа жақындығы мен намысты серік еткен мінезі оның тұлғасын қалыптастырған. Бүгінде көкпаршы әкім өз округінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға қолдау көрсетіп, жастарды спортқа баулуға күш салып келеді. Ат баптау, шабандоздық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеу оның өмірінің ажырамас бөлігі. Елге қызмет ете жүріп, ұлттық мұраны ұлықтаған Жақсылық Мейрембаев сынды азаматтар — рух пен намыстың үлгісі. Ол үшін көкпар тек ойын емес, ата-баба аманаты мен қазақы болмыстың бейнесі.

 

Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ,

Зарина ЖҰМАҒҰЛОВА,

ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенттері,

Сарыкөл ауданы