Қостанайда ресми белгіленген алты зират бар. Өкінішке қарай, үшеуі толып тұр, жерлейтін орын жоқ. Сондықтан жабылып қалған. Олар Киевский, Маяковский көшелері мен Абай даңғылында орналасқан.
Қалған үшеуі қызметін жалғастыруда. Алайда Қонай тұрғын алабындағы мұсылман зиратында орын тапшы. Бұл туралы қала әкімдігінің аппарат жиынында сөз болды. Заңнамаға сүйенсек, ол жер экологиялық және санитариялық талаптарға мүлде сай келмейтін көрінеді. Сол себепті аталған маңдағы марқұмдар мекенін жауып, жаңадан орын белгілеуге тура келіп отыр. Мұндай ұсынысты «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы да жолдаған екен. Шаһар басшысы Марат Жүндібаев келешекте жаңа зиратқа жерасты суы кедергі келтірмес үшін топырақ қабатын алдын ала зерттеуге тапсырма берді.
Зират кез келген елді мекеннің инфрақұрылымының ажырамас бір бөлігі. Сол себепті зираттағы орын тапшылығы мәселесін дер кезінде қолға алмаса болмайды. Статистика бойынша қалада жыл сайын 2200–2300 адам өмірден озады. Бұл көрсеткіш жерлеуге арналған қосымша орынның қажеттілігін анық аңғартады. Қалалық сәулет бөлімінің басшысы Гүлсара Құрманғалиева аталған жағдайды қаланың Бас жоспарын түзету аясында нақтылап, бекітіп алған жөн деп отыр.

«Қостанай-Рудный тас жолының бойындағы Краснопартизан зираты әлі күнге қызметін жалғастыруда. Оның аумағында шамамен 20 мың қабірге шақталған бос жер бар. Алдағы 10 жылға жетеді деген сөз. Қолданыстағы қалған екі зират көп ұзамай жабылатын сыңайлы. Өйткені ол маңда орын таусылған. Мысалға, Әуежай шағын ауданының сыртындағы ауданы 121 гектарды құрайтын қалалық зират толып қалды. Туыстық қатысы бар немесе отбасылық жерлеу учаскесінде шамамен 2200 орын ғана бос. Қонай тұрғын алабындағы мұсылман зираты да ерекше көңіл бөлуді талап етуде. Оның ауданы 6,3 гектар. Ал Тобыл өзенінің арнасына дейінгі қашықтық небәрі 23 метрді құрайды. Марқұмдар мекені су қорғау аймағы мен су қорғау белдеуінің аумағына кіреді. Сондықтан экологтар су кодексін сақтауды еске салып, санитарлық-экологиялық заңнаманы бұзбауға шақыруда. Әрі бұл арада бос орын жоқ деуге болады. Экологтар бұл жерді жауып, қауіпсіз аумақта жаңа қорым ашуды талап етуде. Сол себепті ТКШ бөлімі Қонайдағы мұсылман зиратын жабу жөніндегі рәсімді қолға алуда», – деді Гүлсара Құрманғалиева.
Жалпы қала бойынша жерлеу орны тапшы екені жасырын емес. Көпшілік марқұмдарды Қостанай ауданының ауылдарына апарып қойып жүр. «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы осы мәселені көтеріп, жергілікті атқарушы органға ұсыныс жолдапты. Жаңа мұсылман зираты үшін жер телімін бөлу және оны Бас жоспардың түзетілген нұсқасына қосу туралы ой қазір қызу талқылануда.
Соңғы шешім жан-жақты зерделеуден соң қабылданады. Болашақ мұсылман зиратының орны санитариялық-экологиялық және су заңнамасын ескере отырып, ТКШ бөлімінің келісімімен, өзге де мемлекеттік органдардың, қоғам белсенділерінің мақұлдауымен белгіленбек.
Маманның тұспалдауынша, жаңа қорым үшін Әуежай шағын ауданындағы қалалық зиратқа қарсы беттен, жолдың арғы жағынан 90 гектар жер телімі бөлінбек.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген — Василий ВАСИЛЬЕВ
