Президент кеңесшісі қостанайлық жастармен кездесті

Президент кеңесшісі қостанайлық жастармен кездесті

Қостанайда Республика күні мерекесі мен Егемендік декларациясының 35 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

Академик Зұлқарнай Алдамжаров атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарының басшылары, студенттер мен оқытушылар қатысты.

Мерекелік жиын алдында экраннан бейнеқұттықтау көрсетіліп, мемлекеттік әнұран шырқалды.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев өз сөзінде еліміздің басты мерекелерінің бірі Республика күнінің мән-маңызына тоқталды.

blank

– Қадірлі ұстаздар, ардақты қостанайлықтар, жастар! Баршаңызға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілегін жеткізгім келеді. Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – ел болмысын айқындайтын, тәуелсіздік рухын дәріптейтін ерекше күн. Біз дәл осы 25 қазанда ел болып, мемлекет болып, Республика күнін айрықша атап өтудеміз, — деді Мәлік Нұржанұлы.

Ол сондай-ақ Президент Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталып, жастардың ел болашағындағы рөліне ерекше назар аударды.

– Президентіміздің Жолдауы – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын комплексті реформалар бағдарламасы. Онда жасанды интеллект, цифрлық даму, әділетті қоғам орнату сияқты стратегиялық бағыттар қамтылған.Біз әлемдік сын-қатерлерге қарамастан, ішкі тұрақтылықты сақтап, өз бағытымызды берік ұстанып келеміз. Сондықтан жастарға білім алып, ел игілігіне қызмет ету, ең үлкен міндет, – деп атап өтті ол.

Академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Руслан Абдуллинге «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі табысталды.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Сондай-ақ университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Маржанкүл Әбілова Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды, инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесші Қадырғали Жаманбалин «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Мерекелік жиында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов та студенттер мен оқытушыларды Республика күнімен құттықтап, егемен Қазақстанның жетістіктері туралы айтты.

blank

– Қазіргі таңда Қазақстан өз жолын тапқан, әлемдік қауымдастықта беделді мемлекетке айналды. Бұл – ел бірлігінің, ұлттың мықты рухының, жастардың білім мен еңбекке деген ұмтылысының нәтижесі, – деді ол өз сөзінде.

Бақытжан Хаберұлы сондай-ақ облыс және қала әкімдерінің атынан бірқатар қызметкерлерді Алғыс хаттармен марапаттады.

Жиын барысында студенттер патриоттық әндер шырқап, «Ақжелең» оркестрі мен «Жібек жолы» би ансамблі өнер көрсетті.

Мерекелік шара жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, егемен елдің жетістіктерін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Айдана МАРАТ