Облысты машина жасау орталығына айналдыру, қара металлургия, қайта өңдеу салаларының көшбасшыларының қатарына қосу – стратегиялық міндет. Ол үшін әуелі тұтас өңірдің көрсеткіші көтерілуге тиіс. Биылғы нәтиже қандай? Қай аудан-қала, қай сала көш оздырды? Осының бәрі тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, жыл соңына дейін қойылған міндеттер қаралған жиында айтылды.
Жыл басынан бері экономиканың барлық саласы өсім динамикасын көрсетті. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Горяннаяның мәліметінше, құрылыс 23,5, инвестиция 13,6, ауыл шаруашылығы 9,1, өнеркәсіп 6,4 пайыз артқан. Дегенмен табысы еселенген аудандар да, көрсеткіші кенжелеп қалған өңірлер де бар.
«Өңірдің өнеркәсіп орындары 2,4 трлн теңгенің өнімін шығарды. Оның елеулі үлесі тау-кен өндірісі секторына және өңдеу саласына, нақтысында машина жасау бағытына тиесілі. Жеңіл және жүк көлігі, комбайн-трактор өндірісі артты. Өңдеу өндірісі жөнінен Қарасу, Денисов, Науырзым аудандары көш бастап тұр. Алтынсарин, Амангелді, Меңдіқара, Әулиекөл және Арқалық қаласында қырқартуларға анағұрлым көбірек жол берілген», – деді Роза Горянная.
Ауыл шаруашылығының табысы да арта түскен. Соның ішінде сүт өндірісі алдыңғы қатарға шықты. Көп аудандағы көрсеткіш жоғары. Денисов, Меңдіқара, Федоров, Қамысты, Ұзынкөл аудандары тізім басында келеді. Бұл тұрғыда Қарабалық ауданы мен Рудный қаласы артта қалып отыр. Мысалы, Қарабалықтың әдеттегі позициясын жоғалтуына былтырғымен салыстырғанда мал санының 8 мыңға кемуі себеп болған. Саланың басқа бағыттарымен жыл соңына дейін олқылықтың орны жабылады деп сендірді аудан басшылығы.
«Облыс экономикасына тартылған инвестицияның 80%-дан астамы – жекеменшік. Бұл жөнінен ең белсенді өңірлері – Арқалық, Лисаков қалалары, Науырзым, Қостанай, Қамысты аудандары. Ал Жангелдин, Әулиекөл, Амангелді, Меңдіқара аудандарында ең төмен көрсеткіш тіркелді. Ал құрыслыс жұмыстарының көлемі – 256 млрд теңгеге тең. 15 өңірде өсім бар. Қамысты, Сарыкөл және Арқалық алдыңғы қатарда. Ал Амангелді, Жангелдин, Ұзынкөл, Меңдіқара және Лисаков тізім соңында. Қамысты, Жітіқара, Қостанай аудандары тұрғын үйді пайдалануға беру тұрғысынан ең тәуір нәтиже көрсетті. Облыстың оңтүстік өңірлері қамшы баса түсуі керек. Жалпы, жыл соңына дейін 5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі», – деп аудан-қалаларды салыстыра өтті басқарма өкілі.
Оң көрсеткішке инвестициялық жобалардың әсері зор. Машина жасау саласында екі жоба аяқталып, АӨК бағытында екі сүт-тауар фермасы іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы екі ферма ашылады. Сондай-ақ үш СТФ құрылысы басталды. Спикердің баяндауынша, осы атқарылған жұмыстың барлығы экономика көрсеткішін кем дегенде 7 пайыз өсіммен аяқтауға жол ашқалы отыр.
«Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруға, инвестиция тартуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән бере отырып, еліміздің экономикалық дамуына ерекше назар аударады. Тоғыз айдағы көрсеткішіміз осал емес. Нақты сектордағы өсім 10,7 пайызға жетті. Президент биылғы Жолдауында: «Өңдеу өнеркәсібіне тың серпін беретін уақыт жетті», – деген еді. Осы бағыттағы жұмысқа күш жұмылдырып жатырмыз. Мысалы, машина жасау саласында көш басынан көрінуімізге апта бұрын ашылған толық циклді КІА зауыты зор мүмкіндік тудырмақ. Болжамды өндіріс өсімінің көлемі – 46,5%», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Ол бұдан басқа үш стратегиялық бағыт – тау-кен өнідірісі, қара металлургия және көлік-логистика кешендерінің келешегіне тоқталды. Экономиканың дамуына тікелей қатысы бар маңызды фактор ретінде жол құрылысына мейлінше ден қойылып жатқанын тілге тиек етті. Айтуынша, биыл 103 млрд теңгеге 1300 шақырым жол жөнделген. Одан бөлек, іргесі қаланып жатқан ірі өндіріс орындарын да жіктеп баяндады. Мысалы, Рудныйда пайда болатын ыстық брикетті темір өндіретін зауыт тая болашақта Тобыл өңірін елдегі ең алпауыт метталлургиялық орталыққа айналдырмақ.
«Бұл зауыт болашақ толық циклді металлургиялық кластердің негізі болады. Құрамында 90% темірі бар брикеттер металлургияда болат өндірісінің шикізаты ретінде қолданылады, шойын мен металл сынықтарын қоспалардан таза алмастырғыш рөлін атқарады. Осыдан бір апта бұрын «ССКӨБ« АҚ, австриялық Рrimetals және АҚШ-тан MIDREX компанияларының консорциумы арасында стратегиялық келісім-шартқа қол қойылды. Жобаны іске асыру қосылған құны жоғары темір кені шикізатын қайта өңдеуді жетілдіре түсуге жол ашады. Бұл – өңір тарихындағы ең ірі металлургиялық жоба. Ол саланың дамуына қуатты серпін береді және қара металлургия көлемі жөнінен елімізде 2-орынға шығуға мүмкіндігіміз бар», – дейді өңір басшысы.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығына да жекелей тоқталды. Саланы дамытуға өңірде 207 млрд теңге бөлінген. Бұл – былтырғыдан 20% көп қаржы. Мұның нәтижесі де мол. Көптеген шаруа-диқанды қолдау мүмкіндігі кеңейе түсті. Айтқандай, осы жылғы орақ маусымы да ырысты аяқталды дей беруге болады. Облыс қамбасына 6,3 млн тонна астық құйылды. Ең жоғары көрсеткіш – гектарына 30-47 центнер өнім. Дегенмен Құмар Іргебайұлы аграрлық сектор тек шикізат өндіруші болуын тоқтатып, жоғары қосымша құны бар өңделген өнімдер шығаруы керек екеніне екпін салды.
«Облыста өндірілген барлық өнім өзімізде өңделуге тиіс. Бүгінгі таңда облыстағы ауыл шаруашылығы өнімінің 60% ғана қайта өңдеуге кетеді. Біздің міндетіміз – Президенттің тапсырмасы бойынша бұл көрсеткішті 70%-ке жеткізу. Облыста бидайды терең өңдеу жобасы қолға алынды. Ол Сингапур компаниясының қатысуымен іске асады. Инвестиция – 250 млн доллар. Кәсіпорын глютен, лимон қышқылын шығаратын болады. Өнім Таяу Шығыс, Еуропа елдеріне, Түркия мен Қытайға экспортқа жіберіледі. Біз еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін орталыққа айналуды да мақсат етіп отырмыз», – деді облыс әкімі.
Ол жиын қорытындысында орынбасарларына өз бағыттарына сай әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларының орындалуын жеделдетуді тапсырды. Өңірде жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін экономиканың бүкіл саласында қосымша өсім көздерін іздеу қажет екенін айтты. Облыстық басқарма басшыларына аудан-қала әкімдерімен бірлесіп, жыл қорытындысына дейін белгіленген межелерге қол жеткізуді міндеттеді. Бұл әр әкімнің, әрбір салалық басқарма басшысының жеке жауапкершілігі екенін ескертті.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
