Премьер-министр өртке қарсы ережелерді бұзғаны үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырды

Премьер-министр өртке қарсы ережелерді бұзғаны үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы мәселе қаралды. Жалпы еліміздің тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны азайған.

Бірақ Атырау, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында оның өскені тіркелді.

«Негізгі себеп – халықтың пеш жағу, сондай-ақ газбен және электрмен жылыту жүйелерін қолдану кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Өртке қарсы ережелерді бұзғаны үшін тиімді шаралар қабылдау қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі саласында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейтуі керек», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр еріктілер мен қоғам өкілдерін жұмылдыра отырып, халықтың қауіпсіздік саласындағы мәдениетін арттыру үшін түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ білім ошақтарында өрт қауіпсіздігі бойынша интерактивті сабақтар өткізу керек.