Пошташылардың төл мерекесі біздің де мерекеміз десе де болады. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» маман иелеріне құрмет пен ілтипат ерекше екені белгілі. Бүгін бұл жер гүлге оранғандай жарқырап, келушілердің құрметіне дастарқан жайылып, бауырсақ пен тәттілер ұсынылды.
Жылдағы дәстүр бойынша облысымыздағы «Қазпошта» АҚ ұжымы баспасөз бен оқырман арасындағы байланысты нығайту мақсатында «Баспасөзге жазылу күнін» ұйымдастырды. Дәстүрге айналған игі іс-шараға «Қостанай таңы» газетінің ұжымы да белсене атсалысты. Таңнан бері пошта ғимаратында газетіміздің оқырмандары легі толассыз келіп жатты. Бірі көп жылдан бері тұрақты жазылушы болса, енді бірі алғаш рет жазылып жатыр.







Редакция ұжымы алғашқы болып жазылған бес оқырманға ерекше сый-құрмет көрсетті. Олар жарты жылға тегін жазылуға арналған сертификаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды. 




Жасы тоқсаннан асса да өмірге деген құлшынысы мен қуанышы сөнбеген Бибіш Рақымжанова апамыз баспасөзге жазылу күнін ерекше шаттыққа бөлеп, көңілді думанға айналдырып жіберді. Біздің газеттің байырғы оқырманы, әр санын асыға күтетін тұрақты жанашырымыз. Ортаға шығып мың бұрала билеп, айналаға шуақ сыйлаған апамыздың көтеріңкі көңіл-күйі жұрттың бәріне қуаныш сыйлады. «Шашуым болсын» деп, редакция ұжымына тәтті кәмпитін де ала келіпті. Осындай аналардың кең пейілі мен мейірімі бір шаңырақтың ғана емес, бүтін қоғамның берекесі.
– «Қостанай таңын» 74 жылдан бері үзбей жаздырып, оқып келемін. Газет алғашында «Ауыл» деген атаумен шыққан еді. Соғыс жылдары бала болсам да, бәрін жақсы есімде сақтаппын. Әкем майданға аттанып, ауылда қалған бізге ағайын-туыс қолдау көрсетіп, қамқор болды. Сол қиын кезеңнің өзінде ақпарат үзілген жоқ, баспасөз халықтың басты тірегіне айналды. Мен бес жасымнан бастап әріп танып, оқи бастадым. Сол кезде ауылдың үлкендері мені отырғызып, газет оқытатын. Соғыстағы хабар, ел ішіндегі жаңалық бәрі газетпен жететін. Міне, содан бері «Қостанай таңы» менің айнымас серігім, сырлас досым, – деп ақ тілеуін арнады апамыз.
Поштадағы мерекеге тұрақты оқырмандарымыз Ибрахим Ағытаев пен Бақытжан Жайлаубаев аталарымыз да келді. Екеуі де газетпен бала кезден таныс.
– Қазір «Қостанай таңының» мазмұны да, бет-бейнесі де айтарлықтай жаңарып, заман талабына сай дамып келеді. Уақыт ағымынан қалыспай, түрлі тақырыптарды қамтып отыр. Бірақ, бүгінде оқырманнан көрермен көбейіп бара жатқан заманда қазақ тілді баспасөзге үкімет тарапынан ерекше қолдау қажет. Тек қолдау емес, нақты пәрмен де керек. Жастар жағы, әсіресе басшылықта жүрген азаматтар, қазақ тіліндегі басылымдарды оқып, үлгі көрсетсе екен. Өйткені бұл газет беттерінде біздің рухани байлығымыз, өткеніміз бен бүгініміздің сабақтастығы жатыр, – дейді Ибрахим атамыз толғаныспен.
Бақытжан Жайлаубаев ата да «Қостанай таңының» көп жылдық жанашыры. 
– Мен бұл газетпен бірге өстім десем артық емес. Бала күнімнен-ақ оқып, кейін өзім де хат жазып, ой бөлісіп жүрдім. Газет мен үшін ыстық, өз отбасымның бір мүшесіндей. Жазылуды ешқашан үзген емеспін. Соңғы жылдары мазмұны тереңдеп, жаңа бағыттар пайда болғаны қуантады. Дегенмен, рухани дүниелерді, тағылымдық мақалаларды жиі көргіміз келеді, – деп өз ойын білдірді. Газет тілшілерімен емен-жарқын әңгімелескен қос қария да редакция ұжымына ізгі тілектерін айтып, батасын берді.
«Бүгінде ешкім газет оқымайды» дейтіндер қателеседі! Олардың арасында жастар да бар. Солардың бірі – М.Горький атындағы гимназияның мұғалімі Әйгерім Уәлива. Ол телефон арқылы хабарласып, жылы лебізін жеткізді:
– Күні кеше ғана бір жылға жазылдым. Ең алғаш алған жалақымнан ақша бөліп, газетке жазылған едім. Содан бері үзіліссіз оқып келемін. Себебі мұнда мені шабыттандыратын, ой салатын дүниелер көп. Әрбір мақаладан туған жердің тынысын, елдің еңбегін, жақсылыққа ұмтылған адамдардың бейнесін көремін, – дейді жас ұстаз.

Газеттің бас редакторы Кенжеш Аманова барша оқырмандарды пошташылардың кәсіби мерекесімен және дәстүрлі баспасөзге жазылу күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ол ғасырдан астам тарихы бар, қазақ баспасөзінің бастауында тұрған, Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин негізін қалаған қасиетті «Қостанай таңы» газетінің абыройын асқақтатып, бүгінге жеткізген барша оқырманға шын жүректен алғысын жеткізді.
– Газетіміздің ғұмыры – сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыздың арқасында жалғасып келеді. Біз үшін әрбір жазылушы қымбат, серіктес, рухани жолдас. «Қостанай таңы» оқырманмен бірге өмір сүріп келеді, – деді бас редактор.

Осы күні поштада ерекше жылылық орнады. Әркім газет жайлы пікірін айтып, жылы тілегін білдіріп жатты. Ұжым мен оқырманның арасындағы шынайы байланыс пен өзара құрмет – баспасөздің өміршеңдігін айқындай түскендей. «Қостанай таңына» жазылайық ағайын!
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген – Айдана Марат
