Поэзия дуэлі: қостанайлық ақындар Ұлытауға аттанды

Поэзия дуэлі: қостанайлық ақындар Ұлытауға аттанды

Тобыл-Торғай таланттары — Абылай Маудан, Жандос Жүсіпбек және Батырлан Сағынтай «Мөлдір әлем» ұлттық жобасының жартылай финалында сайысқа түседі.

Поэзия байқауына елдің барлық облысы мен үш мегаполисінен үш ақыннан сынға түсіп жатыр. Қазір командалық сайыстың жартылай финалы өту үстінде. Алғашқы кезеңде жерлестеріміз Ақмола облысының ақындарын жеңген-ді. Енді жезқазғандықтармен ақырғы айналым жолдамасын сарапқа салады.

Сонымен, бүгін ақындарымызды қостанайлық зиялы қауым, облыс әкімдігінің өкілдері, жергілікті редакция басшылары, өнерпаздар қауымы сәт сапар тілеп шығарып салуға жиналды. Қарт басылым «Қостанай таңы» редакциясы алдында кішігірім жиын ұйымдастырылып, аға буын, замандастар ақ тілектерін жаудырды.

blank

«Ақын дегеннің өзі сауаты ашық, ұстаз, жол нұсқаушы мағыналарын беретін парсының «ахун» дейтін сөзінен шыққан. Жүре-келе ол халықтың жанын жырмен емдейтін сөз өнерінің өкілдерін қарата қолданыла бастады. Расымен де ақындық деген екінің біріне дари бермейтін ғаламат өнер ғой. Ол — адамгершілік, мейірім, ізгілік. Мұндай қасиеттің ұшқыны жоқ адамдар мөлдір өлең жаза алмайды. «Ақынмын» деп айғайлайтын кемталанттар да, өзін көрсеткісі келмейтін нағыз шайырлар да болады. Біздің жігіттер — кеудесін соқпай-ақ дарынымен танылып жүрген азаматтар. Сапарларың ақ болсын, Алла өздеріңе жақ болсын! Туған жерге жеңіспен оралыңдар», — деді көрнекті ақын, «Парасат» орденінің иегері Серікбай Оспанұлы.

Ағамыздың тілегін облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Құлмағамбет, жазушы, ұстаз Әбутәліп Әмір, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қонысбек Бегайдаров, театр әртісі Қабдолмәжит Иманов ақсақал, ардагер журналист Оразалы Жақсан, «Хабар 24» арнасының тілшісі Мағауия Қалиев, «Қостанай таңы» облыстық газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы, «Қостанай» телеарнасының директоры Заңғар Санай және Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана директоры Сәния Безаубекова жылы лебіздерін айтып, сәттілік тіледі.

blank

«Ақындарымыздың дарыны мен арынына күмәніміз жоқ. Тек оларға өңір жұртшылығының қолдауы қажет. Бір кісідей жұмылып, жанкүйер болып, қолдан келгенше дауыс берейік!» — десті тілекші ағайын.

Аға-бауырларына облыстық Қуыршақ театрының директоры Төленді Әлғожин, актер, әнші Асылан Кенжетайлар да қолдау білдіре келді. Ақындарды ортаға алып, құрмет-қошеметпен рухани сапарға сән-салтанатымен шығарып салды.

Айта кетейік, жерлестеріміз бен ұлытаулық ақындар дуэлі 26 тамызда сағат 19:00-де басталады. Бұл додада жеңімпаз команда халықтың онлайн-дауыс беруі арқылы анықталады. Бір рет дауыс беру құны — 500 теңге. Осы жолы жеңіске жетсе, қостанайлық ақындар финалдық бәсекеде, одан өтсе, суперфиналда бақ сынауға мүмкіндік алады. Жеңіс тұрғырынан көрінген командаға 3 млн теңге, облысқа үш караттық бриллиант және 100 грамм алтыннан жасалған «Мөлдір өлең» ауыспалы мүсіншесі табыс етіледі.

Облыс намысын арқалап бара жатқан азулы ақындарымызға ақ жол, жарқын жеңіс тілейміз!