Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес жарты жылда бір рет барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері өтеді.
Осыған орай, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов бекітілген кестеге сай қаланың Терісаққан бағытындағы ауылдарына ат ізін салып, екінші жарты жылдықтағы тұрғылықты тұрғындармен кездесулерін өткізді.
Кездесуге қалалық полиция басқармасының өкілі, Арқалық өңірлік ауруханасының директоры, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын басшылары, БАҚ өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Молодежный ауылдық округі, Целинный және Жалғызтал ауылдарындағы халықпен кездесулерінде қала басшысы алдымен Арқалық қаласының 2026 жылдың 1 – ші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы таныстырып өтті.
Халықты баспанамен қамту күн тәртібінде. Жыл соңына дейін қалада 110 пәтер пайдалануға берілмек. Қаланы абаттандыру аясында көпқабатты үйлердің қасбеттері көптеп жөнделуде. Үйлердің шатырлары жөнделіп, балалардың атракциондары салынып, аялдамалар бой көтеріп, жарықтандыру, сырмақтас төсеу және тағы басқа да жұмыстар жүргізілуде.

Молодежный ауылында мектепке баратын балалардың санын арттыру қажеттігі тапсырылды. Әзірге небары 20 баламен жаңа оқу жылын бастамақшы.

Көршілес Целинный ауылында білім ошағы бала санының жетіспеушілігінен бастауыш мектепке айналып, ақыры биыл жабылып тынды. Бұл ретте Жалғызтал ауылында жағдай жақсы деуге болады. Алдағы оқу жылына 47 бала мектеп табалдырғын аттайды деп күтілуде.
Халықпен кездесулерде ауыл әкімдерінің де есептері тыңдалып, «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды одан әрі ширықтыру тапсырылды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
