Сервисті пайдалану үшін қашықтан өтініш беріп, маман баратын мекенжайды көрсету жеткілікті. Алдын ала берілген өтініш бойынша фронт-офис маманы азаматтың үйіне барып, кеңес береді, қажетті құжаттарды қабылдайды және мемлекеттік қызметті сол жерде рәсімдеуге көмектеседі.
Көшпелі қызмет көрсету құны – 7 447 теңге. Бұл сома мемлекеттік бажға жатпайды, тек сервисті ұйымдастыру және көрсету ақысы.
«Дегенмен барлық мемлекеттік қызметті бұл форматта алу мүмкін емес. Мәселен, жеке куәлік пен паспорт рәсімдеу, сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО-ларда көрсетілетін бірқатар қызметтер көшпелі форматқа кірмейді. Себебі мұндай қызметтерді алу барысында азаматтың жеке қатысуы, биометриялық сәйкестендіру және басқа да арнайы рәсімдерден өтуі қажет», – деп хабарлады ХҚКО Қостанай облысындағы баспасөз қызметі.
Маманның үйге келуіне өтінішті «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми сайтындағы «Азаматтарға көрсетілетін қызметтер» – «Дербес менеджердің үйге баруы» бөлімі арқылы беруге болады. Сонымен қатар 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, қызметке тапсырыс жасауға мүмкіндік бар.
Өтініш беру кезінде қажетті ақпаратты толтырып, маман баратын мекенжайды көрсету жеткілікті. Бұдан кейін мамандар қызмет алушымен байланысып, өтініштің мән-жайын нақтылап, қолайлы уақытты келіседі. 1414 арқылы өтініш берген жағдайда оператордан кейін азаматтың телефонына арнайы сілтемесі бар SMS хабарлама келіп, сол арқылы өтінімді онлайн рәсімдеуге болады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
