Өз малына әркім өзі жауапты

Өз малына әркім өзі жауапты

Бүгінгі таңда өңірімізде         ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорының мәліметтер базасында (жануарлар туралы мәліметтерді тіркеуді және ветеринариялық паспорт беруді қамтитын есепке алу жүйесі) 493,5 мың ірі қара, 535,4 мың ұсақ мал, 99,5 мыңнан астам шошқа, 159 мың жылқы және 252 түйе бар.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді (сырғалау, таңбалау) жүргізуге биыл жергілікті бюджеттен 110 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Жыл басынан 116 мыңға жуық зеңгі баба, 126,5 мың шопан ата, 9,4 мың қамбар ата мен 15 ойсылқара түлігіне сәйкестендіру жүргізілген.

– Ветеринарлық қызмет үшін уақытты көп алатын шаруаның бірі – жылқыларға таңба салу. Себебі олар жыл бойы тебінде жүреді. Елді мекендерде жылқыларды қамап немесе бөліп ұстайтын орындар жоқтың қасы. Аса қауіпті ауруларға қарсы үй жануарларын вакциналау үшін мұндай орындардың болғаны дұрыс. Жылқыға белгі салу мал ұрлығының алдын алуға зор көмегі бар әрі малды іздейтін полиция қызметіне де септігін тигізетіні анық, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ахат Шектібаев аймақ әкімінің төрағалығымен өткен жиында.

Басқарма басшысы облыс әкімінен жергілікті бюджет немесе тартылған қаражат есебінен аудандар мен қалалардың әкімдеріне үй жануарларын жануарларын қамайтын орындар жасауын тапсыруды сұрады.

Ветеринария жүйесін реформалау және “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық мамандарға жануарларды тіркеуді жүзеге асыруға және ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар бойынша тізімдемелерді онлайн форматта қалыптастыруға мүмкіндік беретін “e-ISZH Mobile” мобильдік қосымшасын енгізуді жоспарлап отыр.

Қостанай облысы бойынша планшеттерге қажеттілік 226 бірлікті құрайды, көрсетілген планшеттің нарықтық құны 400 мың теңгені құрайды. Құрылғыларды сатып алу үшін 90,4 млн теңге қажет.

– Бұл планшеттер ертең іске жарамайтын ойыншық болып қалмасын. Нақты нәтижесін беретін дүние ме? Әйтпесе шығындаған қаражат рәсуа болып жүрмесін. Көптеген шалғай ауылдарда интернет жоқ немесе сапасы төмен, ондай жағдайда ветеринарлар бұл құрылғылармен қалай жұмыс істейді? – деп сұрады аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Ахат Шектібаевтың түсіндіруінше, мал дәрігерлері кез келген елді мекенге барып, мал-жануарларды планшетке тіркейді, ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар бойынша тізімдемелерді жасайды. Ол ауылда интернет болмаса да, кез келген байланысы бар жерге жеткенде планшеттегі толтырылған мәліметтер министрліктің деректер базасына автоматты түрде жолданады.

Тағы бір түйткіл – мал ұрлығы мен қараусыз жайылатындар. Бұл ветеринария басқармасының облыстық полиция департаментімен, ҚР АШМ Мал ұрлығына қарсы күрес жөніндегі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясымен тұрақты бірлескен іс-шаралары. Жергілікті билік өз аумағынан табылған бөтен малдың иесін тапқанша, жануарларды бағып-қағу жауапкершілігін мойнына алады. Ахат Шектібаев аймақ әкімінен барлық аудан-қалалардың басшыларына осы мәселені оңтайлы шешуге тапсырма беруін сұрады.

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу