Жөндеу аяқтала ма?

Жөндеу аяқтала ма?

Бұл сұраққа жауап әлі күнге жоқ. Себебі, Қостанай облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеу 2020 жылдың тамыз айында басталған еді. Оған республикалық бюджеттен 1 миллиард 204 миллион тенге бөлінген.

Бұл ақшаға қарағандылық мердігер компания алты айдың ішінде  аурухананың екі корпусын жаңартып шығу керек еді. Бірақ жөндеу жұмыстары уақытылы бітпеді. Одан кейін сот шешімімен келісімшарт мерзімі жарты жылға ұзартылды. Алайда бұл аралықта да  жұмыс бітпеді. Бұдан әрі бұл іс сотқа жетті де, билік өкілдері де араласты. Десе де дау басылар емес. Қазір балалар бұрынғы COVID-2019 орталығында ем алуда. Соған қарамастан осы жылдың соңына дейін мәселе біржақты болады деп күтілуде.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев айта кетті.

            –Облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеудің жағдайы сол қалпы тұр. “Вершина” ЖШС-не қарсы талап-арыз бойынша Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына да жүгіндік, Судья шешімін шығарды. Осы шешімге сәйкес басқарма мен ЖШС арасында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бұзылады. Сондай-ақ, “Вершина” ЖШС “Қостанай облыстық балалар ауруханасы” КМК орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлеміне барлық атқарушылық-техникалық құжаттаманы беруге міндетті. Қазіргі уақытта сот шешімінің заңды күшіне енуін күтіп отырмыз, – дейді басқарма басшысы.

Айтолқын Айқадамова

Жаңалықтармен бөлісу