Елімізде металлургия саласының алар орны ерекше. Кеншілердің кәсіби мерекесін бірнеше кен орны бар Лисаков қаласы сән-салтанатымен атап өтті.
«Қазақстан Алюминийі» АҚ филиалы Краснооктябрь боксит кен басқармасы (КБКб – ред.) Еуразиялық топ құрамындағы еліміздің алюминий саласының платформасы. Құрылғанына биыл 73 жыл. «Қазақстан алюминийі» АҚ – еліміздегі тауарлы алюминий тотығын шығаратын жалғыз отандық өндіруші. Қазір кеніште заман талабына сай жаңа технологиялар іске қосылып, өнімдердің сапасы мен саны ұлғайған.
Қазақстанда Металлург күні шілде айының әр үшінші жексенбісінде тойланады. Бұл еліміздің кей өңірлері үшін жылдың ең басты кәсіби мерекесі. Мәселен, кеншілер қаласындағы әр отбасында дерлік бір-бір металл балқытушы, конвертерші бар. Моно шаһар тұрғындарының өмірі металлургия өнеркәсібімен тығыз байланысты. Мұнда Краснооктябрь боксит кен басқармасы, «Өркен» ЖШС, «Шаймерден» кен байыту орындары жұмыс істейді. Сол себепті аталған қалалардың тұрғындары Металлург күнін ерекше атап өтеді. Ал өңірдегі басты жұмыс беруші «Қазақстан алюминийі» АҚ болса бұған жағдай жасайды. Неге жасамасқа?! Жақсы жұмыс істейтіндер жақсы демалуға да лайықты емес пе?! Мерекелік кеште орындалған әрбір әуен және айтылған жылы сөздер кеніш қызметкерлеріне арналды.
Биылғы мерекелік бағдарламаның ауқымы кең, кез келген аудиторияның қалауына сай етіп жасалды. Ұйымдастырушылар жас буынның көңілінен шығу үшін барын салды. Орталық алаңда балаларға арнап ойын-сауық бағдарламалары өткізілді. Аквагрим салды, тегін балмұздақтар таратты. Балалар өте жақсы көңіл көтерді.
«Лисаковтың даңқты тарихы металлургия кәсіпорындарының қалыптасуымен тығыз байланысты. Сондықтан металлургтердің кәсіби мерекесі – оның барлық тұрғындарына ортақ, күшті, рухы берік адамдар мерекесі. Біз сіздерге қаланың, өңіріміздің ғана емес, бүкіл тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестеріңіз үшін рахмет айтамыз. Ардагерлерге еліміздің металлургиясын дамытуға қосқан елеулі үлесі, шеберлігі, жас буынға берген құнды өнегесі үшін ерекше алғысымызды білдіреміз», – деп құттықтады қала әкімі Абай Ибраев.
Бұдан кейін ең басты оқиға – марапаттау рәсімі өтті. «Кенші даңқы» ведомствалық наградаларымен, «ERG міндеттемесі үшін» корпоративтік төсбелгісімен (500 мың теңге сертификатын) бірқатар қызметкер марапатталады. Олардың қатарында Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасын және 50 мың теңгенің сертификатын алған КБКб теміржол цехын жөндеу бойынша учаскенің слесарь-шебері Виталий Теканов, сондай-ақ екінші дәрежелі «Кенші даңқы» ведомстволық наградасы мен 155 мың теңге ақшалай сыйлыққа кенелген КБКб Әйет боксит кенішінің экскаватор машинисі Сергей Матковский бар.
Сергей Матковский аталған кен орнында 25 жылға жуық еңбек етіп келеді. Өз кәсіпорнының нағыз патриоты, мықты маманы, тәжірбиелі тәлімгер.
Үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» ведомстволық наградасы мен 100 мың теңге сыйақы КБКб Красногор боксит кенішіндегі Komatsu автокөлігінің жүргізушісі Дулат Қарағожинге тапсырылды. Сондай-ақ, үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» ведомстволық наградасымен және 100 мың теңге сыйлығымен КБКб теміржол цехының тепловоз машинисі Сәлімжан Есенеев марапатталады.
«Краснооктябрь боксит кен басқармасының тарихы 73 жыл бұрын басталған. Бүгінде тұрақты дамып келе жатқан кәсіпорын. Мұнда жаңа нысандар салынып, заманауи жабдықтар, техника сатып алынып жатыр, жаңа бағдарламалар енгізілуде», – деп атап өтті «Қазақстан Алюминийі» АҚ филиалы Краснооктябрь боксит кен басқармасының директоры Манарбек Нұрмаған.
Салтанатты іс-шарада еңбектегі жоғары жетістіктері үшін бірқатар кен басқармасының жұмысшыларына құрмет грамоталары, салалық марапаттар мен алғыс хаттар табысталды. Жыл сайынғы дəстүр бойынша, өндіріс озаттары мен еңбек ардагерлері де марапатталып, жергілікті әртістердің қатысуымен өткен мерекелік концерттер көптің көңілін серпілтті.
Мереке соңы қазақстандық эстрада жұлдызы Назиманың қатысуымен гала-концертке жалғасты.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттердіі түсірген Максим СУШКО
Лисаков қаласы