Ұлы Жеңіске биыл сексен жыл толғалы отыр. Мереке қарсаңында Алтынсарин ауданының тумасы, соғыс және еңбек ардагері – Бәкіжан Сұлтанбекұлы Төртқаринге туған жерінде көше аты берілмек.
Ақжолтай жаңалықты Алтынсарин аудандық мемлекеттік архивінің басшысы Оразбек Әбенов жеткізді.
– Бұл кісінің есімі қазір көп аталмайды екен. Бір күні туысқан інісі Нарғожа Нұрпейісов ақсақал келіп, осындай ұсыныс білдірді. Кейін тұлға жайлы педагог-ғалым Пиалаш Сүйінкинаның “Ата аманаты” кітабында жазылған мақаласынан оқыдым. Өміріне біртіндеп қызыға бастадым, – дейді Оразбек Әбенов.
Бәкіжан Төртқарин Алтынсарин ауданы Новоалексеев ауылындағы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын өзі туып-өскен колхозда жұмысшы болып бастағанда әкесі майданға аттанып, 1943 жылы артынан қара қағаз келеді. Өр мінезді Бәкіжан әкенің кегін қайтару үшін жасын үлкейтіп, өз еркімен ұрыс даласына аттанды.
Соғыста жүргенде-ақ коммунистік партияның қатарынан табылды. Әскерден кейін өз ауылынан жиырма шақырым жердегі Қазақстан колхозында есепші болып қызмет атқарды. Сол кездегі Обаған аудандық партия кабинетінің меңгерушісі, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінде нұсқаушы болды. Бәкіжан Сұлтанбекұлының іскерлігін байқаған облыс басшылары шалғайда жатқан Аманкелді ауданының екінші хатшысы қылып жібереді. Аманкелдіде істеп жүрген жерінен іскерлігіне тәнті болып Дінмұхамед Қонаевтың өзі Алматыға қызметке алдырған. Кейін Шығыс Қазақстан облысы партия комитетінің екінші хатшысы болды.
««Еңбек түбі зейнет”, – дейді біздің халық. Оның іскерлік қабілетіне көңіл аударған республика басшылары 1961 жылы оны Шығыс-Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші секретары етіп сайлады. Көп ұзамай облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жоғарлатты. Бұл кешегі ауыл баласы үшін үлкен сенім еді. Бәкіжан Төртқарин қызмет еткен сол жылдары мен аталған облыстың Зайсан аймағында, кейіннен Тарбағатай ауданында атқару комитетінің төрағасы қызметін атқардым. Ауданға басқарушылық қызметке тағайындалған мен облыс басшыларынан үлкен тәрбие-сабақ алдым. Әсіресе, тікелей басшы Б.Төртқариннің көп мәселе шешудегі жұмыс әдістері көңілден шығатын», – деп жазады Қанапия Жақып “Адалдықтың ақысы” атты мақаласында.
Иә, Бәкіжан Сұлтанбекұлының қызметтегі ерекше ұстанымы өзгелерге үлгі боларлық. Аудандағы басшы кадрларға қамқорлықпен қарады. Ізеттіліктің жемісін татып, еңбекшілер алдында асқан абыройлы бола білді. Еңсесі биік мәселелерді жедел шешіп, көмек қолын созудан тайынған емес. Облыс тізгінін арқалап, әр ауданның экономикалық дамуымен қатар әлеуметтік даму мәселесін ұмыт қалдырмаған жан.
Дінмұхамед Қонаев 1971 жылы Бәкіжан Сұлтанбекұлын Қазақ КСР Халық бақылау комитетінің бөлімше басшысы қызметіне ауыстырады. Білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет салаларын басқарып, еліміздің мектептерінің көптеп салынуына ықпал еткен. Осы тұста бірнеше емхана бой көтерген. Мәдени ошақтар тұрғызылды. 13 жыл бойы Жоғары кеңесте депутат болды. Кеңестік коммунистік партиясының мүшесі болды. Бұл жеке тектік құжаттар архивте өмір бойы сақталады. Зерттеушілер мен журналистерге, ғылыми жұмыс жазғысы келген оқушыларға көрсетіледі.
Ет жақын інісі Нарғожа Нұрпейісов те кезінде аға жолын қуып, басшылық қызметтерде жүрді. Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек жолын бас агрономдықтан бастап, аудан әкімінің орынбасары жолынан өткен. Бүгінде қоғамның ұйытқысы болған өнегелі істері тарихтың айнасына айналған ұлы саясаткердің жоқшысы болып келе жатқан жайы бар.
Орта жүздегі Уақ тайпасының ішінде Бидалы-Айбас ұрпағы кең жайылған. Кезінде осы Айбастан өрбейтін рулар Обағанды бойлап, Қарасуға дейін жеткен деседі. Нарғожа мен Бәкіжанның әкелері Айбастың Кенжебек атты тармағынан тарайды.
– Бәкіжан Сұлтанбекұлына көше беру мәселесі жуық арада шешімін тапқалы тұр. Құжаттарын жинастырып қойдық. Соғыста жүргенде алған ордендерінің куәліктері жоғалып кеткен екен. Подольск деген жердің архивінде жатқанын хат жазысқанда білдік, – дейді осы жұмыстардың басы-қасында жүрген туысқаны Нарғожа Нұрпейісов.
Жалпы бұл мәселе бұдан бірнеше жылдар бұрын да көтерілген. 2007 жылғы “Ақиқат” журналының 11 санында тұлғаның атына туған жерінен көше беру жайлы журналист Мұхамед Мезгілбайтегі мәселе көтерді. Онда автор Бәкіжан Сұлтанбекұлының Республика Халық бақылау комитетінің құзырлы қызметкері ретінде Мемлекеттік телерадио комитетінің жұмысымен жиі танысуға барғанын айтады. Алқа мәжілісіне үнемі қатыса жүріп, әлеуметтік мәселелеріне баса назар салып отырған.
«Қызыл империяның кезінде қыл-көпірдің үстінде жүріп, басшы болған адамдарға үлкен абырой атаққа жету оңай емес-ті. Ол, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің мүшесі және Жоғарғы Кеңестің депутаты болып, табаны күректей үш бесжылдық бойы республика масштабында үлкен қоғам қайраткері және мемлекет қайраткері болды. Бәкіжан Сұлтанбекұлы Төртқариннің зор еңбегін замандастары, жерлестері, билікте жүрген кейінгі ұрпақ ескерусіз қалдырмас. Сондықтан, Қостанай қаласы мен Алтынсарин ауданының орталығынан көше аты және бір мектепке Бәкіжан Төртқарин аты берілсе құба құп болар еді», – деп жазған болатын журналист.
Міне, араға он сегіз жылдай уақыт салып сең қайта қозғалғандай.
– Ағамыз ағайын-туысқа жақын болды. Алыста жүрсе де үнемі сұрастырып отыратын. Ауыл жаққа екі жылда бір келіп кететін. Өзімен талай бірге жүрдік. Алматыда, одан Өскеменде істеп жүргенде үйіне бірнеше рет бардым. Есте сақтауы сұмдық, бәрін сұрайды. Мектеп бітірген жылы Ауыл шаруашылығы мамандығына түсуге талаптандым. Ол оқу Өскеменде болмай, Целиноградтан бітірдім. Бір күні ауылға келгенде балық жегім кеп тұр деді. Көршім балықшы еді, жүгіріп соған бардым. Ол досым: “анау тұсқа ау құрып қойып едім, тексеріп келейік” деді. Сөйтіп ағамыз өзенге бізбен бірге барды. Сонда балаша қуанғанын көрсең…, – деп еске алады бауыры Нарғожа Нұрпейісов.
Баласы Бауыржан осы Нарғожа Нұрпейісовпен түйдей құрдас. Алыс жүрсе де жиі көрісіп тұрады. Былтыр тұлғаның жүз жасына орай Бауыржан әкесіне арнап Астана төрінде ас берді. Бәкіжан Төртқаринге жеңістің сексен жылдығына қарсы көше атын сұрау керектігі сол жолы айтылған еді. Асылдың тұяғының өтінішін жерде қалдырғысы келмеген Нарғожа ақсақал аудандағы ардагерлер кеңесінің төрағасымен кездесті. Сол жерде арыз жазылып, республикадан қолдау күту үшін Астанаға жіберілді.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Алтынсарин ауданы