Өңірдегі базарлар жаңа стандарттарға сәйкес келе ме?

Өңірдегі базарлар жаңа стандарттарға сәйкес келе ме?

Қазақстанда сауда базарларын жаңғырту бойынша Жол картасы іске асырылып жатыр. Оған елімізден 100 сауда нүктесі енгізілген.

Жаңа талаптарға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық базар қолданыстағы заңнама нормаларына сай келуі тиіс. Әйтпесе, олардың жұмысы тоқтатылады. Өңірлердегі жаңғырту процесі Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасында талқыланды. Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, кейінге қалдыру, шегеру мүмкіндігі болмайтынын базар өкілдерінің бәрі түсінуі тиіс.

«Біз Қостанай мен Рудный қалаларындағы базарларды араладық. Мәселелер бар екенін көріп отырмыз. Заң бәріне ортақ. Ендігі қалған уақытта барлық жұмысты аяқтау қажет», — деп атап өтті ол.

Облыста жаңғыртылуға тиіс төрт муниципалдық базар бар — Қостанай мен Рудныйда екі-екіден. Алайда олардың тек бірі ғана барлық жұмысты уақытында аяқтаған, тағы бірі — процесс үстінде. Қалғандарында шешілуге тиіс мәселелер бар.

Кейбір базар қазірдің өзінде жабылды, мысалы «Салтанат» базарының жұмысы тоқтады. Ал «Нариман» базарының кәсіпкерлері басқа сауда нүктесіне көшірілді. Қалғандарының арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің мамандары базарларды Жол картасына енгізу үшін түгендеу жұмыстарын жүргізді. 2024 жылы сегіз базар иесі регламенттердің жоқтығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Техникалық шарттар мен инженерлік желілер бойынша проблемалар бар. Егер базарды жаңғырту мүмкін болмаса, сауда нүктелерін көшіру немесе жалға алушыларға жаңа орын беру сияқты балама жолдарды қарастыру керек. Соңғы күнге дейін күтпей, қазірден бастап әрекет ету қажет», — дейді Жәутікбаев.

Бизнеске қолдау көрсету үшін мемлекет бірқатар шараларды көздеген: несиелерді субсидиялау мен кепілдендіруге 5,2 млрд теңге бөлінді. Екі айдың ішінде осы соманың 3 млрд теңгесі игерілді. 450 кәсіпкер бағдарламаны пайдаланды: 100-і инвестициялық мақсаттарға 22 млрд теңге несие алды, қалғандары айналым қаражатын толықтыруға алды. 2025 жылға арналған қолдау бағдарламасы кеңейтіледі: 8,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Сауда саласы жөніндегі салалық кеңестің өкілі Наталья Лапшина нормативтік актілерде міндетті жаңғырту тек әмбебап базарларға қатысты екенін нақты көрсету керектігін ұсыныс ретінде айтты. Сондай-ақ жаңғыртудың ұлттық стандартын кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарын жасап, жаңа орындарды жалға алу субсидиясын енгізу қажет екенін алға тартты.

Сонымен қатар ол заңнамалық деңгейде «ауыл базары» және «уақытша сауда орны» ұғымдарын бекітудің маңыздылы екенін атап өтті. Бұл ауылдық жерлерде өнім сату үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сауда саласындағы салалық кеңестің ұсыныстары бойынша дайындалған сұрақтар мен ұсыныстар тізімі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаевқа жолданды. Бұл тізімді «үй жанындағы дүкендер», ірі супермаркеттер, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жеткізушілері мен сатушылары дайындаған.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері де алаңдаушылық білдірді: олар қазіргі уақытта өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестікті тексере алмайды, ал бұл тұрғыда күрмеулі мәселелер көп. Дегенмен олар профилактикалық бақылау аясында бизнеске қолдау көрсетуге дайын.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Ренат Дәулетпаевтың айтуынша, базарларды жаңғырту — бұл саудадағы жаңа стандарттарға, бизнестің жаңа мүмкіндіктеріне және тұтынушыларға арналған жақсы сервиске жасалған қадам. Қазіргі заманғы жағдай — бұл қауіпсіздік, қолайлылық және тұрақты даму.

Жанайым Балғынбекқызы,

ҚӨУ студенті