Өңдеу шаруашылығын алдыңғы орынға шығару керек

Өңдеу шаруашылығын алдыңғы орынға шығару керек

Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған мәселелер елдің экономикалық, әлеуметтік және инвестициялық саясатын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұл ұсыныстардың жүзеге асуы Қазақстанның тұрақты өсіміне ықпал етіп қана қоймай, жаһандық экономикадағы орнын нығайтуға да мүмкіндік береді.Инвестициялық штабтың тиімді жұмыс істеуі өңдеу өнеркәсібінің өсуіне оң әсерін тигізді. 6%-дық өсім – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бірақ инвестиция тартудың жалпы көрсеткіштері төмендегенін ескерсек (мысалы, 2023 жылмен салыстырғанда 36%-ға азайған), Үкіметке бұл салада қосымша реформалар қажет. Әсіресе, инвестицияларға кедергі келтіретін бюрократиялық тосқауылдарды жою мәселесі өзекті болып қала береді.
Президент жеке инвестициялардың азаюын бюджет есебінен жабу тиімсіз екенін атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін инвесторларға қосымша преференциялар беру ұсынылды. Дегенмен, жеңілдіктерді ұсынумен қатар, инвесторлардың жауапкершілігін арттыру да маңызды. Олардың өндірісті жаңғырту, экологиялық стандарттарды сақтау және жұмыс орындарын сақтау міндеттері нақты белгіленуге тиіс.
Литий мен сирек металдарды өндіру және өңдеу Қазақстанның жаһандық шикізат нарығындағы позициясын күшейте алады. Бұл салаға инвестициялар тарту өнеркәсіптің жекелеген бағыттарын дамытумен қатар, жоғары қосылған құнды өнімдер шығаруға жол ашады.
Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңартылған өнімді бөлу келісімшарттарын (ӨБК) қайта қарау қажет. Қазіргі келісімшарттардың көбі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жасалғандықтан, оларды ұлттық мүдделерге сай бейімдеу уақыты келгені анық. Сонымен қатар, Трансқазақстандық теміржол дәлізі мен газ инфрақұрылымын дамыту шаралары Қазақстанның логистикалық және энергетикалық әлеуетін арттырады.
Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. 2024 жылы рекордтық өнім жиналғанымен, бағаның төмендеуі байқалады. Осының өзі біздің әлі де тек шикізатқа тәуелді екенімізді көрсетеді. Бұл өңдеумен айналыспағандықтан болып отырған жағдай. Алдағы уақытта өңдеу шаруашылығын алдыңғы орынға шығару маңызды. Өнімдерді экспорттау, мал шаруашылығын дамыту және фермерлерге қолжетімді несие беру шараларын жүйелі түрде реттеу қажет.
Президент Ұлттық қордан трансферттер алу тәжірибесін тоқтату қажеттігін айтты. Бұл қадам бюджеттік саясаттың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуі мүмкін. Сондай-ақ, криптоиндустрияны дамыту мен қаржылық технологияларды заңдастыру мәселесі көтерілді. Бұл – Қазақстанға жаңа капитал тартуға мүмкіндік беретін болашағы зор бағыттардың бірі.
Президенттің тапсырмалары экономиканы әртараптандыруға, инвестицияларды тартуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Бірақ олардың тиімді жүзеге асуы Үкіметтің жүйелі жұмыс жүргізуіне байланысты болмақ. Әсіресе, шетелдік және отандық инвесторларға қолайлы жағдай жасау, бюрократияны азайту және цифрлық технологияларды дамыту мәселелері ерекше назарды талап етеді.

Нариман ТӨЛЕПОВ,
“Темте” ЖШС директоры

Жаңалықтармен бөлісу