Облыстық балалар ауруханасы қашан қолданысқа беріледі?

Облыстық балалар ауруханасы қашан қолданысқа беріледі?

Облыстық аурухананың конференци залында көптен бері қоғам назарында тұрған облыстық балалар ауруханасының жағдайы да сөз болды. 2019 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары созылып, нысан әлі күнге дейін қолданысқа берілмеген.

Бұрынғы мердігермен арадағы дау сотқа жеткенімен, мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Бүгінде балалар ауруханасы коронавирус кезінде салынған уақытша ғимаратта орналасып, тұрғындарға толыққанды медициналық қызмет көрсетіп отыр.

Бұл сауалға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркебұлан Баязитов жауап берді.

 – Мен бұл қызметке жақында келгеніммен, аталған мәселені бірінші күннен бастап назарға алдым. Қазіргі таңда нысан облыстық құрылыс басқармасының балансында. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптамадан өтуде. Сол себепті нақты құнын айтуға әлі ерте. Дегенмен, бұл аурухана біз үшін аса қажет. Балалар уақытша ғимаратта орналасқандықтан, қажетті төсек-орын саны жеткіліксіз, медициналық қызметтің толыққанды жағдайы жасалмаған. Сондықтан бұл нысан міндетті түрде аяқталады. Әйелдер мен балалар денсаулығы – біздің басты басымдықтарымыздың бірі, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар ол облыс орталығында балаларға арналған тіс емханасының да жағдайына тоқталды. Қазіргі стоматологиялық мекеме ескі әрі шағын ғимаратта орналасқан.

– Өкінішке қарай, қаладағы кейбір медициналық ғимараттардың жағдайы талапқа сай емес. Балалар тіс емханасы да соның қатарында. Балалар ауруханасы іске қосылған соң, бұл бағыттағы жұмыстарға да көңіл бөлінеді. Біз тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін бар күшімізді саламыз, – деп атап өтті Еркебұлан Баязитов.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА