Меңдіқарадан ғасырлық тарихы бар көне самаурын табылды

Меңдіқарадан ғасырлық тарихы бар көне самаурын табылды

Бұл ерекше жәдігер аудан тұрғынның үйінен табылған. Көненің көзіндей сақталған ескі самаурын көптің қызығушылығын тудырып, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері аттай қалап, музейге алыпты. Бір ғасырға жуық тарихы бар бұл самаурын бүгінде аудандық музейдің төрінен орын алды.

Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жанат Таженованың айтуынша, мұндай ерекше самаурынды алғаш рет көрген.

«Самаурынның сырт келбеті ерекше, салмағы да, жасалу үлгісі де өзгеше. Ең қызығы көне болса да әлі күнге дейін іске жарамды», – дейді ол.

blank

Шынында да, сары жезден жасалған бұл самаурын тек музейлік жәдігер ғана емес, тұрмыста қолдануға да жарамды. Ауданға құрметті қонақтар келгенде дәл осы самаурынға шай қойылып, шай бергенде көпшіліктің таңданысын тудырып жатады. Ғасырлық бұйымнан шыққан шайдың дәмі де бөлек сияқты әсер қалдырады.

Кезінде аналарымыз бен әжелеріміз осы самаурынмен талай қонаққа шай ұсынып, ақ дастарқан жайғаны анық. Бүгінде музей төрінде тұрған көне самаурын өткен мен бүгінді жалғап тұрған құнды мұраға айналды. Ол жәй ғана тұрмыстық зат қана емес, ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін, қонақжайлық пен кеңпейілділігін паш ететін тарихи жәдігер.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА