Биыл араға ұзақ жылдар салып Арқалық қаласының әуежайы қайтадан іске қосылады. Арқалық қаласында әуежай филиалының ашылуына байланысты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Қалалық мәдениет сарайында өткен ілкімді іс-шарада қала әкімі Әмірхан Асанов жиналған жұртшылыққа жылы лебізін білдіріп, жұмыс берушілер тарапынан «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жаслан Искаков сөз сөйледі.
Еңбек жәрмеңкесінің ашылуында сөйлеген сөзінде:

«Президентіміз Қасым – Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған жоба аясында әуежайдың құрылысы қарқынды жүруде. Жоспар бойынша алғашқы ұшақтар Алматы, Астана, Қостанай бағыттары бойынша ұша бастайды. Бұл өз кезегінде бизнес, білім беру, туризм және халықтың мобильділігі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осының нәтижесінде қаламыздың транзиттік әлеуеті артып, өңіріміздің дамуына оң серпін берері сөзсіз», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.
Сондай — ақ, басқарма төрағасының орынбасары Жаслан Меңдіғараұлы әуежайдың іске қосылуымен қалада жүздеген жұмыс орындары ашылып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру тұрғысынан да мол пайдасын тигізетінін тілге тиек етті.

«Өткізіліп отырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі көптеген азаматтар үшін қалада тұрақты жұмыспен қамтылып, кәсіби өсудің бастамасы болады. Әркімнің өздеріне қолайлы жұмыс орнын тауып, жаңадан ашылатын әуежайдың қалыпты жұмыс жасауына өз үлестерін қосуына мүмкіндігі бар», – деді ол.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде арнайы мамандардың көмегімен жұмыс іздеушілердің түйіндемелері қабылданып алынды. Қажетті мамандардың бәрі де арнайы тексеруден өтеді. Жұмысқа қабылданғандар облыс орталығында оқыту курстарынан өтетін болады.
«Тұрақты жұмыссыз жүргеніме екі-үш жылдай уақыт болды. Бұрын ұзақ жыл қаладағы Торғай боксит кен басқармасында техника тізгіндеген болатынмын. Біраз уақыт вахталық жүйемен жұмыс істеп жүрдім. Зейнеткерлік жасқа да жақындап қалдым. Сонда да жастармен бірге бағымды сынап көрейін деп келіп тұрмын», – дейді қала тұрғыны Берік Әменғалиұлы.
Белгіленген жоспар бойынша Арқалық әуежайы алдағы жазда пайдалануға берілмек.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
