Медициналық қызметке көңіліңіз тола ма? Фото: zakon.kz

Медициналық қызметке көңіліңіз тола ма?

Былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) кері байланыс арналарына медициналық қызметтерді алу мәселелері бойынша 701 115 өтінім келіп түсті, деп хабарлайды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі. Олардың қатарында азаматтардың алғыстарымен қатар шағымдары мен ұсыныстары да бар.

Қордың мәліметінше, өтінімдердің басым бөлігі кеңес беру сипатында болған. Қазақстандықтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарна төлеу тәртібі, медициналық қызметтер мен дәрілік заттармен қамтамасыз ету, жолдама алу, еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын рәсімдеу, сондай-ақ медициналық көмекті көрсету шарттары мен жеңілдік санаттарына қатысты өзгерістер қызықтырған. Ал шағымдар саны азайған.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қор жүйесіне 23 022 шағым түскен. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 179 шағымға немесе 15,3 пайызға аз. Сонымен қатар, алдыңғы жылмен салыстырғанда қайтарып алынған және жедел шешілген шағымдардың үлесі артқан. Егер бұрын бұл көрсеткіш 46,2 пайызды құраса, 2025 жылы 50,2 пайызға жеткен. Атап айтқанда, түскен 23 022 шағымның 11 578-і пациенттерді қолдау қызметтері мен медициналық ұйымдардың ішкі сараптама бөлімдері арқылы «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша шешімін тапқан.

Қазақстандықтар тарапынан ең көп өтінім медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі – 8 678 өтінім (37,7%), медициналық көмек көрсетуден бас тарту – 8 520 өтінім (37%) және дәрілік заттарды беруден бас тарту – 3 210 өтінім (13,9%). Осылайша, өтінімдердің негізгі бөлігі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, сондай-ақ пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты болып отыр.

МӘМС жүйесі іске қосылғалы бері Қорда азаматтармен кері байланыс орнатудың бірнеше арнасы жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, msqory.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және 1414 байланыс орталығы арқылы тұрғындар өз өтінімдерін жолдай алады.

– Азаматтардан келіп түскен барлық өтінімдер міндетті түрде қаралады әрі толық шешілгенге дейін бақылауда болады, – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Рамазанова.

Оның айтуынша, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын жүйелі түрде талдау денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл МӘМС пен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық қызметтердің ашықтығын, қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА