Өмірінің басты бөлігін еңбекке арнаған, еңбекпен көркейіп, есейіп, зейнетін көріп отырған жан – мәдениет ардагері, менің нағашы әжем Жулдызайым Жумағұлқызы Олжағұлова. Ол 1956 жылы 20 ақпанда Қостанай облысы Амангелді ауданы Үрпек ауылында дүниеге келген. Мәдениет саласында 40 жыл үздіксіз қызмет атқарып, 24 жыл мәдениет үйінде басшы болып еңбек етті Амангелді аудандық М.Қапышев атындағы халық театрының тарихын жасаған, алғашқы құрылған күннен бастап зейнетке шыққанға дейінгі қойған спектакльдері, өткізген іс-шаралары, оған қатысып ойнаған рөлдері, марапаттары өте көп.1974 жылдан бастап еңбекке араласып, 2014 жылға дейін мәдениет саласында қалтқысыз қызмет етті. Осы жылдар арасында талай биіктер мен жетістіктерге жете білді. Қиын уақыттарда мәдениет үйінің жабылып, бұзылып қалмай сақталуына үлес қосқан. Аудандық маслихат депутаты болды. Алматы қаласында өткен Халық театрларының арасында өткен республикалық байқаудың лауреаты атанды. Мәдениет министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының, аудан әкімінің, мәдениет бөлімінің құрмет грамоталарының иегері. Қазақстан Республикасы Президентінің мәдениет саласындағы үздіксіз қызметі үшін алғыс хатымен марапатталды. 2013 жылы “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері болды. 2019 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына, Мәслихаттың 20 жылдығына, ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік медальдің иегері болды.
Театр мүшесі болған жылдары спектакльдерде ойнаған рөлдері, “Тамаша” ойын-сауық театрында, “Көңілашар” әзіл -сықақ отауында жүздеген қыз-келіншектің, қазақ жеңгелерінің, аналардың, әжелердің рөлдерін асқан шеберлікпен орындап, халықтың ықыласына бөленіп, жүректен -жүрекке әр сомдаған рөлін жеткізе білді. 2014 жылдан бастап зейнетке шықса да мәдениеттен, аудан тыныс-тіршілігінен алыстамай, қоғамдық қордың жетекшісі болып міндет атқаруда.
Атаммен де осы еңбек жолында танысып, отбасы құрған екен. Атам Рауиль де өнерден құр алақан емес еді, баян тартып бізге өлең айтып беретін. Сол мәдениет үйінің шопыры болып жүріп, спектакльдерде көптеген рөлді сомдапты. Екеуі бірге үш бала тәрбиелеп, немерелер, шөберелер сүйді.
Менің нағашы әжемнің өмірі, істеген қызметі бізге кейінгі ұрпаққа үлгі деп білемін.
Жиен немересі – Ерасыл Талғатов