Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев «Қостанай таңы» редакциясында болды

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев «Қостанай таңы» редакциясында болды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев Қостанай өңіріне жұмыс сапары барысында «Қостанай таңы» облыстық газетінің редакциясына арнайы келіп, шығармашылық ұжыммен кездесті.

Сондай-ақ депутатпен дидарласуға республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері де қатысты. Кездесу барысында журналистер өңірдегі өзекті әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын ортаға салды.

Алқалы жиынды ашқан газетіміздің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы өңірдегі ономастика саласындағы және баспа өнімдеріне қатысты кейбір түйткілдерге назар аударды.

blank

«Қала мен аудан атаулары, көше аттарын ауыстыруда басқа, оңтайлы тетіктерін қарау керек сияқты. Көпшілікпен талқылаудан кейін әлеуметтік желіде алауыздық тудырып жүрген азаматтар бар. Осы ономастика мәселесін депутаттар өздері талқылап, шешімін шығаруға болар еді», – деді бас редактор.

Депутат бұл ұсынысты назарға алатынын айтты.

Кездесуде «Қостанай» телеарнасының журналисі Дәуренбек Әбдібек шекараға жақын орналасқан аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталды.

blank

«Шекара шебіндегі ауылдарда инфрақұрылым, жол, байланыс және кадр мәселесі әлі де өзекті. Бұл тек жергілікті емес, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды мәселе», – деді ол.

Ал «Атамекен Бизнес» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі Гүлнұр Мұратқызы Қостанай қаласындағы мемлекеттік балалар тіс емханасына қатысты проблеманы көтерді.

blank

«Балаларға арналған мемлекеттік стоматология сатылымға шығарылып отыр. Оны мемлекет меншігіне қалдыруға болмай ма? Себебі, бізде тіс емдеу қымбат екені белгілі, ал мемлекеттік емханаға өңірлерден келіп, тегін емдетіп жатады», – деді журналист.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев көтерілген мәселелердің барлығын мұқият жазып алып, оларды тиісті мемлекеттік органдар деңгейінде қарастыруға уәде берді.

«Журналистер көтерген әрбір мәселе – халықтың үні. Ономастика болсын, шекаралық аймақтардың жағдайы немесе балалар медицинасы болсын, бәрі де назардан тыс қалмайды. Бұл сұрақтарды өзіме түртіп алдым, мүмкіндігінше үкімет назарына ұсынамын», – деді ол.

Айта кетейік, Анас Баққожаев бұған дейін Рудный қаласында, сондай-ақ Ұзынкөл және Меңдіқара аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен кездескен.

blank

Редакциядағы жүздесуден кейін Мәжіліс депутаты жұмыс сапарын Әулиекөл ауданында жалғастырды.

Бота Манет