Ардагермен жүздесу: Қайсар Әлім редакцияда болды

Ардагермен жүздесу: Қайсар Әлім редакцияда болды

Бүгін басылымның ардагері, қаламы жүйрік журналист, талай жылғы еңбек жолында газеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Қайсар Әлім редакцияға арнайы ат басын бұрды.

Бұл кездесу – келелі әңгімеге, болашаққа бағытталған пайдалы пікірлерге толы болды.

Қайсар Әлім алдымен редакцияның қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Газеттің жаңа жобаларына жоғары баға берді. Әсіресе соңғы кезде қолға алынған «Ауыл ақшамы» жобасына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама ауыл-аймақпен байланыс орнатудың таптырмас жолы.

blank

– Ауыл – әрбір оқырманның түп-тамыры, шынайы өмірдің айнасы. Газеттің»Ауыл ақшамы» жобасы арқылы ауылдағы тыныс-тіршілікті, ондағы еңбек адамдарының бейнесін, ұлттық құндылықтарды паш етуге септігі мол. Бұл – оқырман тартуға үлкен серпін береді, – деді ардагер.

Газеттің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы ардагерге атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндады. Өңірлермен тығыз қарым-қатынас орнатылып жатқанын атап өтті. Аймақтағы әрбір жаңалықты дер кезінде қамту, жергілікті мәселелерді көтеру – басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді.

– Біздің мақсат – оқырманға жақын болу. Қай өңірде болсын, шынайы ақпарат пен сапалы сараптама беру үшін тынымсыз еңбек етіп келеміз. Облыстармен, ауыл-аймақтармен тікелей байланыс – газеттің басты тірегі, – деді бас редактор.

Кездесу соңында Қайсар Әлім редакция ұжымына ақ батасын беріп, шығармашылық табыс тіледі. Ол бұрынғы дәстүр мен бүгінгі жаңашылдық үйлесім таба білсе, басылымның болашағы жарқын болатынына сенім білдірді.

– Газеттің рухы бар. Сол рухты жоғалтпай, заманға сай түрленіп отыру – үлкен жетістік. Ұжымға сәттілік тілеймін, – деді ардагер.

Осындай рухани кездесулер – ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Ардагердің ақыл-кеңесі, өткен күннен сыр шерткен естеліктері – жас тілшілер үшін таптырмас мектеп.