Назарбаев Университеттің Медицина мектебінде Мәжіліс депутаттарының қатысуымен еліміздегі медициналық білім беру саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен өтті.
Отырысты ашқан комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының басшыларынан бастап студенттерге дейін білім беру процесінің барлық тараптарын қатыстыра отырып, ашық талқылау жүргізу маңызды екенін атап өтті.
– Біз осы жазда Қарағанды медициналық университетінің базасында Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп заң жобасын белсенді түрде талқыладық. Жоғары оқу орындарында берілетін медициналық білім туралы айтар болсақ, резидентура бойынша да, интернатура бойынша да көптеген сұрақ туындайды. Бұл студенттер мен резиденттерді тәжірибеге бағдарланған клиникалық даярлауға, білім беру ұйымдарының емханалармен өзара тығыз іс-қимылына, тәлімгерлер мен жас мамандардың еңбек жағдайларын жасау мәселелеріне қатысты, – деді комитет басшысы.
Отырысқа қатысушылар клиникалық базаларды аккредиттеу, мемлекеттік гранттардың мөлшері, білім алушылардың клиникалық және ғылыми қызметке қолжетімділігі сынды тақырыптарға ерекше назар аударды. Медициналық жоғары оқу орындарының резидент студенттері де өз пікірлерін білдірді. Олар жүктеменің жоғарылығы, қосымша жұмыс істеу мүмкіндігінің шектеулілігі және ауруханалардағы инфрақұрылымның жеткіліксіздігі сынды проблемалар туралы айтты.
Жиынды қорытындылай келе Асхат Аймағамбетов Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мемлекет пен медициналық университеттер және кәсіби қоғамдастық арасында диалог алаңы болуға дайын екенін атап өтті. Ол тек бірлескен күш-жігерді жұмсай отырып қана денсаулық сақтау саласына кадр даярлауда сапалы серпілісті қамтамасыз етуге болатынын жеткізді.
