Мен Қостанайдағы №8 шағын ауданындағы өз мекенжайым бойынша дауыс бердім. Таңғы сағат 10 кезінде сайлау учаскесіне дауыс беру бюллетенін алуға тұрғандардың кезегі созылып қалыпты. Жұрттың қабағы жарқын, жүзінде жылылық ұялаған. Ал есіктің алдында кешелі бері алты ай бойына көбесі сөгілмей, көн терісі жібімей жатып алатын үрінді кардың «көңілі босап қоя бергендей» еріп жатыр. Шынымды айтайын, кеудемде бір қуаныш сезім пайда болды. Апыр-ау, табиғат-ана да еліміздің өміріндегі ескінің жылыстап, жаңаға жол беріп жатқан үдеріске үндесе кетті! Дауыс беріп жатқандар үлкенді-кішілі жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір шағын аудандағы өзіміз күнделікті ұшырасып жүрген шаңырақтас көршілеріміз.
«Алла ерте тұрғанға несібе шашады». Мұнда алғаш дауыс берушіге, сондай-ақ, ең қарт сайлаушыға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалғанын айтып жатыр. Бақылаушылар сайлаудың уақтылы басталғанын, ешқандай заң бұзушылық болмағанын жеткізді. Сайлаудың айрықша белсенділікпен таза және әділ өтіп жатқаны пікірлерді естіп, марқайып қалдым. Шыным, бұл құрғақ пафос емес, дәл қазіргі кездегі халықаралық саяси ахуал еске түскенде, халықтың белсенділігі ол – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілікті жан-жүрегімен сезінуі дегім келеді.
Осыдан тура бір жыл бұрын Перезидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қарапайым халық өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын», – деген еді. Міне, енді оны іске асыру басталды. Аралас сайлау үлгісі Мәжіліс қана емес, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауын қамтып отыр. Ендеше, депутаттыққа бел буып, сайлауға түскендер үшін бұрынғыдай жоғары мәртебе, жайлы жер деп қызығатын уақыт өтті. Бұл жолғы халық сенімінің жөні басқа. Бұл жолғы депутаттық жауапкершіліктің де салмағы да ауыр. Сөзден іске көшпесе, сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты сайлаушылар кері қайтара алады.
Мен де жұрт қатарлы ұл-қыз өсірдім, немерелерім де ат жалын тартып мінетіндей ер жетті. Олардың алаңсыз адал еңбек етіп, ұлтының бүгіні мен ертеңіне де жауапты екенін жақсы түсініп өссе екен, дүниеге бір кірпіш болып, кетігін теуіп қалануын армандаймын. Бақытты болғанын көргім келеді. Даусымды сол үшін бердім. Ескі жүйенің жүйкесі тозды. Жаңа Мәжіліске санасы таза жаңа адамдар келеді, жаңаша жұмыс істеп, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын өтеуге бастайтын мақсатты заңдар қабылданады. Келешекте көзбояуы жоқ тірлік, экономикамызда ашық әрі әділ бәсеке қалыптасады. Ұлттық байлықтың игілігін әр азамат бірдей көретін елге айналамыз деген сенім зор, күдерімді үзбеймін.
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚЖО Қостанай облыстық филиалының директоры