Коалиция мүшелері Жангелдин ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндірді

Коалиция мүшелері Жангелдин ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндірді

Өңірлік коалициясы мүшелері Кенжеш Оразғалиқызы мен Айбек Таңатбаев Жангелдин ауданына жұмыс сапарымен барып, жергілікті атқарушы орган басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесуде жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, оның қоғам өміріндегі маңызы және әрбір азаматтың пікірін ескеру тетіктері жан-жақты түсіндірілді.

Кенжеш Оразғалиқызы мәдениет пен өнер  саласына ерекше тоқталды.

«Конституцияның Преамбуласында мәдениет пен білім, ғылым және инновация құндылықтарына сүйене отырып, Қазақстан халқы Негізгі Заңды қабылдайтыны көрсетілген. Бұл мәдениетті ұлттық маңызды басымдықтардың деңгейіне шығарады. Өнер және мәдениет қайраткерлері үшін сөз еркіндігі, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігін конституциялық деңгейде кепілдендіру аса маңызды», – деді коалиция мүшесі.

Бұл норма шығармашылық қызмет үшін тікелей құқықтық кепілдік қалыптастырмақ. Заң шеңберінде өзін-өзі көрсету және кәсіби еркіндікті қорғауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Конституция шығармашылық еркіндік пен қоғамдық мүдделер арасындағы тепе-теңдікке негізделеді. Жаңа Конституцияда: «сөз бостандығы мен ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың абыройы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның моральдық құндылықтарына зиян келтірмеуі тиіс», – делінген. Бұл мәдениет қайраткерлері үшін шығармашылыққа заңсыз араласуды болдырмайтын, құқықтық айқын әрі болжамды шеңбердің бар екенін білдіреді.

«Конституция жобасы тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесіне ерекше мән береді, азаматтар мен мемлекет үшін бұл міндетті бекітеді. Мәдениет саласының өкілдері үшін бұл тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, музейлік, архивтік және реставрациялық қызметті қолдау, мәдени мұраны қоғам игілігі ретінде мойындау бойынша құқықтық негіздерді кеңейтеді», – деді Кенжеш Оразғалиқызы.

Коалиция өкілі жер мәселесіне қатысты жалған ақпарат тарағанын айтып, тек ресми деректерге сүйену туралы түсіндірді.

«Жер шетелдіктерге сатылады немесе жалға беріледі деген шындыққа жанаспайтын ақпарат. Ақпаратты әрдайым тексеріп, тек ресми дереккөздерге ғана сену қажет. Конституция жобасының 8-бабының 3-тармағында: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деп нақты көрсетілген. Біріншіден, қолданыстағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабы 3-тармағындағы тұжырым жаңа Конституция жобасындағы ережемен толық сәйкес келеді және ешқандай өзгеріске ұшырамаған», – деп түсіндірді коалиция мүшесі.

Осылайша, жерді шетелдіктерге сатуға қойылған тыйым алынып тасталды деген мәлімдемелердің құқықтық негізі жоқ және азаматтарды жаңылыстырады.

«Шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жеке меншік құқығымен немесе жер пайдалану құқығы негізінде тиесілі бола алмайды».

Екіншіден, жер мәселесін талқылау барысында өзін «сарапшы» деп атайтын жекелеген тұлғалардың шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратып, популистік мәлімдемелер жасауы жиі кездеседі. Бұл – қоғам үшін елеулі мәселе.

Үшіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылғы маусымда «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Комиссияның негізгі міндеті – пайдаланылмай жатқан және заңнама талаптарын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша атқарушы органдар қызметіне қоғамдық бақылау жүргізу және олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету.

Үш жыл ішінде комиссия 14 миллион гектардан астам пайдаланылмай жатқан және заңсыз түрде жеке меншікке өткен ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтарды.

Бастамашы топ реформалардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын баяндады.

Әрбір азаматтың үнін есту, қоғам пікірін саралау және оны жүйелі түрде ескеру жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының негізгі басымдықтарының бірі екені айтылды.

Коалиция мүшесі Айбек Таңатбаев волантерларға қатысты енгізілген өзгерістерді сөз етті.

«Қазақстанда қабылданған жаңа конституциялық өзгерістердің басты мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту, азаматтардың рөлін күшейту. 2022 жылғы референдумнан кейін Конституцияға енгізілген түзетулер елді басқару жүйесін жаңғыртып, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін арттырды. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын», – деп бастады сөзін Айбек Таңатбаев.

Осы тұрғыда коалиция мүшесінің волонтерлер туралы пікірі жаңа Конституциямен тікелей байланысты. Себебі волонтерлер – белсенді азаматтық қоғамның өкілдері.

«Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтеді. Қоғамдық бақылау тетіктерін кеңейтіп, халықтың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін арттырады. Сондықтан волонтерлік қозғалыс та осы өзгерістердің бір көрінісі ретінде қарастырылады. Яғни, жаңа Конституция тек саяси реформалар емес, сонымен қатар қоғамның белсенділігін, жауапкершілігін арттыруға бағытталған қадам болып саналады», – деді ол.

Осындай кездесулер халықпен тікелей байланыс орнатуға, жаңа Конституция жобасының мән-маңызын терең түсіндіруге және ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың ұсыныс-пікірлерін жинақтауға мүмкіндік береді.

Коалиция мүшелері алдағы уақытта да өңір тұрғындарымен кездесулерді жалғастырып, қоғаммен тұрақты кері байланыс орнату жұмыстарын жүйелі түрде жүргізе бермек.