«Кітап оқитын ұлт» жобасына  тестілеу жұмыстары басталды

«Кітап оқитын ұлт» жобасына  тестілеу жұмыстары басталды

Қатысушылар оқыған кітаптары бойынша білімдерін сынайды. Әр оқушыға туынды мазмұнын қамтитын 45 сұрақ ұсынылады.

Биыл мектепішілік кезеңге 30 мыңнан астам оқушы қатысуға ниет білдірген.

Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Қостанай, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылуда.

Бұл ауқымды интеллектуалды бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған. Негізгі мақсат — тұрақты оқу әдетін қалыптастыру. Нөмірі жетінші мектептің оқушысы, жоба қатысушысы Маргаританың айтуынша, бұл бастама кітапқа деген көзқарасын өзгерткен.

«Менің ойымша бұл жоба жастарды біріктіретін маңызды алаң. Қазір көп жастар уақытын интернетте өткізеді, ал кітап оқу – әлдеқайда пайдалы. Мен байқауға ұсынылған әдебиеттерді оқыдым, соның ішінде «Менің атым Қожа» шығармасы бар. Осы жоба арқылы көптеген жаңа кітаптармен танысып, оларды талдауды үйрендім, – дейді байқау қатысушысы Маргарита Романенко.

Жоба алты бағыт бойынша өрбиді.

«Кітап оқитын мектеп» бағыты – оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. «Балалар оқиды, білімдерін шыңдайды, таным көкжиектерін кеңейтеді», — деген пікірде ұстаздар.

blank

«Біздің мектепте де жоба қарқынды жүзеге асуда. Қатысушыларға 15 кітаптан тұратын арнайы тізім ұсынылған. Оқушылар бұл әдебиеттерді қызығушылықпен үзбей оқып жатыр. Жалпы, кітаптардың мазмұны өте тартымды. Қазіргі таңда балалардың дайындық деңгейі жоғары деп бағалаймын. Сондықтан олар тестте жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп сенемін, – дейді №7 мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі Надежда Мушкудиани.

Осылайша, жоба оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, талдау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Яғни мұндай бастамалар жас ұрпақтың білімге деген ынтасын күшейтіп, пайым-парасатын қалыптастырады.

 

Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,

ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенті