Арқалыққа арнайы жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Құмар Ақсақалов қаладан жаңалықты салынғалы жатқан «Спорттық-сауықтыру кешені» мен «Жабық хоккей алаңының» құрылыс алаңына барып, құрылыстың қазығын қақты.
Қолға алынғалы жатқан жұмыстың мән-жайын қала әкімінің орынбасары Ерлан Раисов таныстырды.
Арқалық қаласындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын «Самұрық-Қазына» АҚ жобалаудан бастап құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға дейін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Іске асырудың алдын ала құны 1,6 млрд теңгені құрайды. Құрылыстың ауданы 1 884,58 шаршы метрді алады.
Арқалық қаласында жабық хоккей алаңын салуға 2026 жылға арналған облыстық бюджеттен 545,1 млн теңге бөлінген. ҚҚС-ның 16%-ға өсуін ескере отырып, келісім-шарттық құрылыс құны 552,1 млн теңгені құрайды. Бұл үшін тағы қосымша 7 млн теңге қаржыландыру қажет. Мердігер — Лисаковск қаласынан «ExclusiveStroy» ЖШС.

Ғимараттың жалпы ауданы 2 360,94 шаршы метр.
«Жаңа спорт кешенінде шағын футбол алаңы орналасады. Қазіргі таңда мұндай алаң тек «Жігер» стадионында ғана. Адам көп болғандықтан күн сайын түнгі сағат 1 – 2 –ге дейін ойнайды. Енді, міне қаламызда жаңа спорт нысандарының салынуының арқасында шағын футболдың да өрісі кеңейгелі тұр. Футбол алаңы халықаралық стандартқа сай болады. Ұзындығы 44,1 метр болса, ені 25,8 метр болады. Бұл ойын алаңынан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануы үшін арнайы жаттығу залы ашылады», – дейді қала әкімінің орынбасары Ерлан Әмірғалиұлы.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
