Иттердің иесіне жауапкершілік артады 

Иттердің иесіне жауапкершілік артады 

Бұралқы иттерге қатысты жаңа тәртіп енгізілетін болды. Бұдан былай бұралқы иттің иесі 5 күн ішінде табылмаса, эвтаназия арқылы мәңгілік ұйқыға жіберіледі.

Жаңа норманы депутаттар 8-сәуірде өткен Мәжілістің жалпы отырысында қабылдады.

Мәжілістің жалпы отырысында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралып, қабылданды. Заң жобасына енгізілген өзгерістер туралы толығырақ білу үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбілге хабарластық. Оның айтуынша, жаңа тәртіп бірнеше жылға ұласқан мәселені тиімді шешуге және жануарлардың иелеріне жауапкершілікті арттыруды көздейді.

«Бұл мәселе өте өзекті. Халықпен кездесулерде осы мәселені жұрт жиі айтады. Үш жылдың ішінде бізге азаматтар бірнеше рет сауал жолдап, бұралқы-ит мысықтар туралы шағымданды. 2021 жылы қабылданған заң, өкінішке қарай, тиімді нәтиже көрсетпеді. Керісінше жағдай ушығып кетті. Оның ішінде біздің Қостанай облысындағы ахуалды да мысалға келтіруге болады. Жаңа Заң жобасына сәйкес тәртіп өзгереді. Бұдан былай көшеден ауланған агрессивті иттерді арнайы орталықтарда 5 күнге дейін ғана ұстайды. Осы мерзім ішінде иесі анықталмаса эвтаназия әдісі жасалады. Иесі бар, арнайы чип тағылған иттер уақытша панажайларда 60 күнге дейін ғана бола алады. Қажет болған жағдайда жергілікті мәслихаттар бұл мерзімді ұзарта алады. Себебі әр аймақтағы мүмкіндік әртүрлі. Мысалы Алматы және Астана қалаларында бұралқы иттерді уақытша ұстау панажайлар жеткілікті болса, басқа өңірлерде ондай орындар тапшы. Сондықтан жергілікті мәслихаттар өздері шешім қабылдайды. Ал мысықтарға бұрынғы ереже сақталады. Себебі мысықтардан адамға айтарлықтай қауіп жоқ»,-деп түсіндірді Еркін Әбіл.

Бұрын бұралқы иттерді көшеден аулап, уақытша ұстау панажайына апаратын. Ол жерде стерильдеу әдісі жасалып, вакцина салынғаннан кейін көшеге қайта босатып жіберетін. Депутат мұндай үлгінің тиімсіз екенін айтып отыр. Сонымен қатар ит-мысықтың иелеріне жауапкершілік күшеймек.

«Осы Заң жобасында жануарлардың иелерінің де жауапкершілігі арттырылады. Әр азамат үйіндегі жануарларды чиптеу және тіркеуден өткізіп, вакцина салдырып отыруға міндетті. Болашақта «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне өзгертулер енгізіліп, жануарларға қатысты тәртіпті бұзған адамдарға жаза күшейеді»,-деп түйіндеді халық қалаулысы.

Жаңа Заң жобасы қатыгездікке емес, керісінше жануарларға жауапкершілікпен қарауға үндейді. Себебі қазір бұралқы иттердің саны шамадан тыс көбейіп кетті. Бос жүретін бұзақы иттер айналаға қауіпті. Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жариялаған мына бір дерекке назар салып көріңізші.

«Қостанай облысында 2026 жылдың алғашқы екі айында антирабиялық көмекке жүгінгендер саны 700 адамға жетіп, оның 167-сін балалар мен жасөспірімдер құрады. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артқаны байқалады» делінген департаменттің ресми парақшасында.

Ит қабу оқиғаларының көбейгені өкінішті. Мәселеге жаңа ереже тұсау сала алар ма екен?..

Қымбат ДОСЖАНОВА,

Суретті түсірген Мұрат Жүнісұлы