Кәсіподақ орталығы семинар ұйымдастырды

Кәсіподақ орталығы семинар ұйымдастырды

Қатысушылар ұжымдық шарттың маңыздылығын, оның қызметкерлер мен жұмыс беруші арасындағы әлеуметтік әріптестікті қамтамасыз етудегі рөлін жан-жақты талқылады. Оқытуды өткізуге прокуратура, сот, еңбек инспекциясы және кәсіподақ ұйымдарының тәжірибелі мамандары тартылды.

Қостанай облыстық Кәсіподақ орталығының төрайымы Ирина Аронова семинардың ашылуында:

«Кәсіподақтардың басты мақсаты – әлеуметтік әріптестік негізінде әділ еңбек қатынастарын қалыптастыру. Бүгінде Қостанай облысындағы кәсіподақ ұйымдары ұжымдық шарттармен 100% қамтылған», – деген пікір білдірді.

Мемлекеттік еңбек инспекторы Азамат Көшкімбаев ұжымдық шарт бойынша міндеттемелерді орындамаған немесе бұзған жағдайда қолданылатын жауапкершілік туралы айтып өтті.

«Қазіргі таңда мұндай бұзушылықтар үшін кінәлі тұлғаларға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 572 800 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Ұжымдық шарт тек формалды құжат емес, еңбек құқықтарын қорғаудың тиімді құралы. Мұндай семинарлар кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіруге және қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталған маңызды қадам», – деп атап өтті Азамат Көшкімбаев.

Семинарда «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы филиалының заңгері Александра Алимбаева ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымының ерекшеліктеріне тоқталды. Ал «Қазпрофметалл» тау-кен металлургия кәсіподағының өкілі Михаил Литошенко өз саласында ұжымдық шарттар жасаудағы тәжірибесімен бөлісті.

Диана Алмасқызы,

ҚӨУ студенті