Қостанайлық өнерсүйер қауым үшін қазан айы ерекше басталды десе де болатындай. 1–6 қазан аралығындағы фестиваль әлемнің әр түкпірінен келген өнерпаздардың басын қосты.
«QITfest» аясында Қостанайға Қазақстанмен қатар Ресей, Армения, Қырғызстан, Иран, Түркия және Грузия елдерінің үздік театр ұжымдары жиналды. Барлығы 11 театр, 11 спектакль.
Фестивальдің басты мақсаты – театр өнерінің әлемдік жетістіктерін насихаттап қана қоймай, кәсіби тәжірибе алмасу, жаңа шығармашылық жобаларға жол ашу, Қостанайды заманауи театр орталығы ретінде таныту.
Фестиваль шеңберінде театр қойылымдарымен қатар, шеберлік сабақтары, дөңгелек үстелдер мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылатын болады. Актерлер, режиссерлер, драматургтер мен театр сыншылары үшін кәсіби деңгейде ой бөлісіп, жаңа идеялар туындататын бірегей алаң.
Қойылымдарды бағалау үшін арнайы халықаралық қазылар алқасы шақырылған. Бес тәжірибелі театр маманы әр спектакльдің көркемдік сапасын саралап, түрлі номинациялар бойынша үздіктерді анықтайды. Осы арқылы фестивальдің әділ әрі тәуелсіз деңгейде өтуіне баса назар аударылады.
Фестивальдің алғашқы күні өнер майталмандары КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов және мәдениет саласының өкілдері алаш ардақтысы, ұлт көсемі Міржақып Дулатұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Қатысушылар қазақ тарихы мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз еңбегін ерекше ықыласпен еске алды.
QITfest – тек сахналық өнер мерекесі ғана емес, халықтарды жақындастыратын, мәдениеттерді тоғыстыратын халықаралық алаң. Қостанай төрінде өтіп жатқан бұл фестиваль аймақтың рухани өмірінде айрықша із қалдырып, өнерсүйер қауымды шабытқа бөлемек.
Бүгін көрермендер «Моцарт пен Сальери» қойылымын тамашаламақ.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
