Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «AZIYAFEST.KST 2025» халықаралық фестивалі аясында Қостанайда ерекше маңызға іс-шаралар ұйымдастырылды.
Оның алғашқысы көпшіліктің басын қосқан «Азия: тарих пен дәстүрлердің бір арнада тоғысуы» атты диалог алаңы. Басқосуға Башқұртстан Республикасының Сибай қаласынан арнайы келген делегация өкілдері қатысты.

Фестиваль аясындағы мұндай диалог алаңдары түрлі этностар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Олар халықтар арасындағы байланыстарды тереңдетіп қана қоймай, ортақ құндылықтарды жаңа қырынан ұғынуға және қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қостанай облысында 50-ден астам этнос өкілдері татулық пен келісімде өмір сүруде. Мұның бәрі де Мемлекет басшысының ұстанып отырған сарабдал саясатының, этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бағытта маңызды рөл атқарып отыр. Соның арқасында әр этностың дауысы естіледі, мәдениеттер мен дәстүрлер тоғысып, қоғам бірлігі нығая түсуде.
Кездесуге қатысқан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез басқосудың мән-маңызына тоқтала келе:

«Бүгінгі кездесудің мақсаты – тек өткен жолға көз жүгірту ғана емес, болашаққа бағытталған нақты идеялар мен тәжірибелерді ортаға салу. Сіздердің ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз біз үшін өте құнды. Мұндай кездесулер тың ақпарат алмасып, жаңа көзқарас қалыптастыруға зор мүмкіндік береді. Баршаңызға табысты жұмыс тілеймін», – деді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдық тарихында ел бірлігінің символына, этностарды жақындастыратын бірегей диалог алаңына айналды. «AZIYAFEST.KST 2025» фестивалі достық пен татулықты одан әрі нығайтып, ортақ құндылықтарымызды дәріптеуге тағы бір айқын қадам болды.
Жиында ҚИнЭУ президенті, Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Рихсибай Мамедов «Тіл – тәуелсіздік тірегі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзінде тілдің елдің тұтастығы мен ұлт болашағындағы ерекше орнын атап өтті:

«Елдің бірлігі де, болашағы да тілмен тығыз байланысты. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізгі белгілерінің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесі. Өз болмысымызды сақтап, болашаққа нық қадам басу үшін тілдің қоғамдағы орнын күшейту аса маңызды», – деді ол.
Диалог алаңы аясында өткен дөңгелек үстел барысында Қазақстан мен Башқұртстаннан келген делегация өкілдері ортақ тақырып төңірегінде пікір алмасып, екі елдің достық байланысын нығайтудағы тәжірибелерімен бөлісті.

Екі жақтың қатысушылары этносаралық келісім мен мәдениеттер тоғысын дамытуға бағытталған сан салалы істер жөнінде әңгіме қозғап, баяндамалар жасады. Онда жастарды тәрбиелеу, ұлттық дәстүрді сақтау, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру және этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы рөліне қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Мұндай мазмұнды пікірталастар қатысушыларға жаңа идеялар ұсынумен қатар, тәжірибе алмасуға, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашатыны атап өтілді.

Жиын барысында мәдениет пен өнердің үнқатысуы да ерекше көрініс тапты. Инструменталист, республикалық байқаулардың лауреаты Буранбай Искужин қонақтарға қурай аспабының шығуы жайлы көне әпсананы әңгімелеп, қурайда ойнап, отырыстың сәнін келтірді. Ал Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның Н.Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі Батырбек Байназаров қазақтың көне аспабы – қобызды таныстырып, ерекше үнімен жиналғандарды әсерге бөледі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткен “Asia Fest-2025” халықаралық фестивалі гала-концертпен аяқталды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
