Ұстаздар қауымы марапатталды

Ұстаздар қауымы марапатталды

1 қазан – Мұғалімдер күніне орай Қостанай қаласындағы Жастар сарайында мерекелік кеш өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, қоғамдағы ең құрметті мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Кеш шымылдығы «Ұстаз жолы – ұрпаққа аманат» атты тағылымды театрландырылған қойылыммен ашылды.

blank

Бұл композицияда ұрпақтар сабақтастығы, ұстаздың ұлт тәрбиесіндегі рөлі көркем тілмен өрнектеліп, көрерменге үлкен әсер сыйлады. Қойылымды Омаров атындағы қазақ драма театрының артистері сахналап, көрермен ықыласына бөленді.

Салтанатты жиынды облыс әкімі Құмар Ақсақалов ресми түрде ашып, ұстаздар қауымына жүрекжарды алғысын жеткізді. Ол мұғалімдердің қоғамдағы айрықша рөлін атап өтті.

blank

– Айта кетейін, Қазақстандағы Балалар әл-ауқаты индексінің қорытындысы бойынша Қостанай облысы алғашқы үштікке енді. Бұл мемлекетіміздің білім беру саласын дамытуға бағыттап отырған жыл сайынғы инвестициясының және сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі, құрметті ұстаздар! – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ облыс басшысы 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануына орай, еліміздегі мерекелер тізімі жаңа кәсіби мерекемен – 2 қазанда алғаш рет атап өтілетін «Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерінің күнімен толыққанын қуана жеткізді. Сонымен қатар, биыл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің 85 жылдығы атап өтіліп отырғанын еске салды.

blank

– Осы жүйенің негізін қалаған ұлы жерлесіміз, ағартушы Ыбырай Алтынсарин десек артық болмас. Торғай даласында ашылған тұңғыш қолөнер училищесінен бастау алған бұл сала талай өзгерістерден өтіп, бүгінде еліміздің экономикалық дамуының маңызды тірегіне айналды, – деді әкім құтықтау сөзінде.

Салтанатты шара барысында бірқатар үздік педагогтерге мемлекеттік марапаттар салтанатты түрде табысталды. Білім беру саласына елеулі үлес қосып жүрген ұстаздар «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және Қостанай облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

blankblankblankblankblankblankblankblankblank

Марапат иелерінің қатарында Арқалық қаласындағы №7 келешек мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерсін Қоңыршина да бар.

blankblankblank

Ұзақ жылғы еңбегі мен шәкірттерінің жетістіктері, әріптестерінің қолдауы арқасында жеткен бұл марапат оның шығармашыл тұлғасын айқындай түседі.

– «Алтынсарин» төсбелгісі – менің ұзақ жылдар бойғы еңбегімнің, шәкірттерімнің жетістіктерінің және әріптестерімнің қолдауының нәтижесі. Компьютермен жұмыс істегенді жақсы көремін. Инновациялық технологияларды сабақта қолданамын. Біраз электронды әдістемелердің авторымын. Қазір оларды республика көлемінде ұстаздар пайдаланып жүр, – деп өз ойымен бөлісті Ерсін Қоңыршина.

Мерекелік концерт аясында өнерпаздар ұстаздарға арналған әсем әндер мен күй тартуларын ұсынды. Рудный музыкалық колледжінің ұлттық аспаптар оркестрі «Көңілашар», «Адай», «Төремұрат» сынды күйлерді орындаса, Арқа, Батыс, Жетісу ән мектептерінің орындаушылары дәстүрлі әндермен көрерменді тәнті етті. Сонымен қатар сахна төрінде «Костанайские зори» би ансамблі, Ы. Алтынсарин атындағы гимназия хоры, камералық және балалар хорлары, вокалды-аспапты ансамбльдер өнер көрсетті.

blankblankblankblankblankblank

Кеш барысында залмен интерактивті диалог ұйымдастырылып, көрермендер алғашқы ұстаздары туралы естеліктерімен бөлісті. «Кім үй тапсырмасын соңғы сәтте орындаған?», «Бірінші ұстазыңыз есіңізде ме?» деген сынды сұрақтар арқылы сахна мен зал арасында шынайы байланыс орнады.

blankblankblank

Ардагер ұстаз Қайырғали Молдасалықов ағамыз «Атамекен» әнін шырқап, оған бүкіл ұстаздар қауымы қосылып, бірге ән шырқады. Бұл сәт көпшіліктің көңілін толқытқан әсерлі мезеттердің бірі болды.

blank

Кештің ерекше сәттерінің бірі – «Ұрпақтар әуені» қойылымы болды. Онда ардагер ұстаздар мен жас буын педагогтер бір сахнада өнер көрсетіп, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланыстың үзілмейтінін айқын көрсетті. Сонымен қатар, экраннан ұсынылған фото және бейнехроникалар көрермендердің көңілін тебірентіп, көпшіліктің жан дүниесін тербетті.

blank

Кеш соңында барлық орындаушылар сахнаға шығып, көп дауыста «Ұстазым менің» әнін орындады. Жиналған қауым орындарынан тік тұрып, ұстаздарға құрмет көрсетті. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, білім саласы қызметкерлерінің мерейін асырып, көңілдерін бір серпілтіп тастады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ