Халқымыздың қастерлі дәстүрлерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. Қазақ қарты – жасының қадірін білген, аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз тұлға. Осы орайда ауданымызда ардагерлерге құрмет көрсетіліп, мерейлі мереке жоғары деңгейде аталып өтті.
Алғашқы құттықтау сөзді Науырзым ауданының әкімі Мәди Ихтиляпов

– Қадірлі қонақтар! Сіздердің ел үшін сіңірген еңбектеріңіз бен өнегелі өмір жолдарыңыз жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгінгі бейбіт өмірдің, ауданымыздың өсіп-өркендеуінің негізінде сіздердің маңдай тер еңбектеріңіз жатыр. Осы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді аудан басшысы.
Іс-шара барысында Науырзым ауданының 60 жылдық мерейтойына арналған медальдар мен аудан әкімінің Құттықтау хаттары мерейтой иелеріне тапсырылды. Бұл марапат иегерлерінің барлығы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан жандар.

Салтанатты концертте аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, ардагерлерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Жиналған жұртшылық ақ сақалды абыздар мен ақ жаулықты аналарға деген ілтипаттың айқын көрінісін сезінді.
Қарттар күніне орай аудан әкімі бірқатар ардагердің шаңырағына да арнайы барып, құттықтап қайтты. Анатолий Ефимович Косачёв, Мағзұм Шораевич Сагинаев және Гүлзира Сағынаеваға сый-сияпат жасалып, аудан дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірілді.
– Сіздердің көп жылғы адал еңбектеріңізге, өмірлік ұстанымдарыңызға зор ризашылығымды білдіремін. Сіздер – біздің асыл қазынамызсыздар, – деді Мәди Ихтиляпов.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
