Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Қостанай гуманитарлық колледжінде тағылымы терең, рухани мазмұнға бай әдеби-музыкалық кеш өтті. «Абай мұрасы – мәңгілік қазына» атты бұл шара студенттерге ақын мұрасын насихаттап, адамгершілік пен парасаттылыққа тәрбиелеуді басты мақсат етіп қойды.
Кешті колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушылары мен студенттік кеңес бірлесе ұйымдастырды.
Әдеби кеш аясында 1-4 курс студенттері арасында «Абай оқулары» сайысы өткізілді. Бұл сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар Абайдың жүрекке жақын, мағыналы өлеңдерін жатқа оқыды. Ал екінші кезеңде студенттер ұлы ойшылдың қара сөздерін нақышына келтіре жатқа айтып, терең философиялық мәнін көрерменге жеткізе білді.
Кеш барысында студенттер Абайдың әндерін де орындап, көрермендерге шынайы рухани мереке сыйлады. Ән мен жыр, қара сөз бен күй үндескен бұл кеш колледж ұжымының шығармашылық қабілетін айқындап, жастардың Абай мұрасына деген құрметін арттырды.
Сайысты бағалаған қазылар алқасының құрамында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Латифа Қалиева , колледж директорының орынбасары Сәуле Мұхамедова және 4-курс студенті Құралай Райханова болды. Қазылар қатысушылардың өнеріне жоғары баға беріп, әділ шешім шығарды.
Сайыс қорытындысы бойынша ең үздік өнер көрсеткен қатысушылар анықталып, марапатталды. Бірінші орынды Шахизат Ауғанбай жеңіп алды. Ол Абай шығармаларын терең сезініп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Екінші орын Алтынай Жәнібековаға бұйырды – оның мәнерлеп оқуы мен шығарманы жеткізу шеберлігі жоғары бағаланды. Ал үшінші орынға Жұлдыз Қарағұлова ие болды. Ол да өз өнерімен қазылардың көңілінен шығып, лайықты марапатқа қол жеткізді. Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Гүлден Мұқашева,
Қостанай Гуманитарлық колледжінің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
